ӘРБІР ҰЛТ ҮШІН ТӘУЕЛСІЗДІК - ҰЛЫ АРМАН. АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ!

Уақыты: 03.12.2021
Оқылды: 1467
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіздік – баршамыз үшін ең қасиетті құндылық. Тәуелсіздік күні - мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты мереке. Тәуелсіз еліміз 30 жыл ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, талай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Осы кезеңде жеткен жетістіктеріміз қандай? Өткен ғасырдың соңына қарай Кеңес өкіметі ыдырап, соның нәтижесінде 1991 жылы қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. 1990 жылы 25 қазанда Егемендік жөніндегі декларация қабылданды, ал 1991 жылғы 16 желтоқсанында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады.

Әр ұлт үшін тәуелсіз ел болу – ұлы арман. Дүниежүзінде алты мыңға жуық ұлттар мен ұлыстар бар. Солардың ішінде екі жүздей ұлт қана тәуелсіз мемлекет болып отыр. Сондықтан, тәуелсіздік әрбір азаматқа қымбат болуы тиіс. Еліміз жер аумағы жағынан 9 орында. Бұл қазақ жерінің үлкен екендігін көрсетеді.

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі бағыттарын ашып, еліміз үшін маңызды тарихи сәттерді қамтыды.

Иә, тәуелсіздік бәрінен қымбат. Ел Президенті өз мақаласында осы тіркесті басты назарға ұстайды. Жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтіледі. Жалпы, тарихты қарастыратын болсақ, 30 жыл өте аз уақыт, бірақ біздің елімізде осы уақыт ішінде қаншама істер жасалды?!

Тәуелсіздіктің 30 жылы дегеніміз не? Ол елдің бейбіт өмір сүргеніне, сауатты және дана мемлекеттік саясаттың жүргізілгеніне, табысты экономикалық дамуына, әлеуметтік саланы дамыту мен жетілдіруге, әлеуметтік дамудың барлық маңызды көрсеткіштерінің тұрақты өскеніне, қазақ жеріндегі бейбітшілік, бірлік пен келісімге 30 жыл толды деген сөз.

Түйіндей келе, біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы Туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегі бар әрбір Алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс. Ендеше, тәу етер Тәуелсіздігіміздің Туы желбіреген ұлы күн құтты болсын!

Әйгерім ОМАШЕВА,

Сарыөзек орта мектебі МДШО бастауыш сынып мұғалімі

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан