БІРЖАН МЕН САРА ҚАЙ ЖЕРДЕ КЕЗДЕСКЕН? 150 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ АЙТЫС

Уақыты: 04.12.2021
Оқылды: 2171
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сан ғасырлар бойы жинақталған айтыс өнерінің үлгілерін қазақ халқы атадан балаға мұра етіп, біздің заманымызға жеткізген. Қазақстанның басқа өлкелері сияқты Жетісу өңірі де айтыс өнеріне келгенде алдына жан салмай, өресі биік, көркемдігі жоғары айтыс түрлерін келер ұрпаққа аманат ретінде қалдыра білген. Оған дәлел - қазақ әдебиеті тарихында шоқтығы биік, тілі көркем, халық арасында кең танымал «Біржан - Сара» айтысы.

Бұл айтыста өнер көрсеткен екі персонаж да әдебиет тарихында елеулі орындары бар өнер саңлақтары. Арқаның ақиық ақыны Біржан сал Қожағұлұлының есімі әдебиетте де, тарихта да, музыка өнерінде де белгілі болғаны бір төбе, тіпті, көгілдір экранда да өз бейнесін тапты. Бұдан ақын Сара Тастанбекқызының образы да қалыс қалған жоқ. Бұл кісінің бейнесі көптеген сахналық қойылымдардан, драма-театрлардан халыққа кең танымал болды.

Сараның рөлін ең бірінші «Біржан-Сара» операсында сомдаған атақты Күләш Байсейітова екені бүкіл иісі казақ жұртына мәлім. Сара Тастанбекқызының туған жері қазіргі Ақсу ауданы, Қосағаш ауылы. Ал Біржанмен айтысқан тұс - қазіргі Қапал өңірі, Көшкентал аулының күнбатыс жағы, Ешкіөлмес тауының етегі, Тоғызқұмалақ деген жер.

Осы жерде аттары өнер тарихына кең танымал екі тұлғаның айтыс өнерінде белдесулері кілең қазақ жұртына таралады. Бұл айтыс айтыс салт айтысына да, қыз бен жігіт айтысына жатуымен де ерекшеленеді. Биыл бұл айтысқа 150 жыл толды. Айтыста көптеген әлеуметтік мәселелермен бірге әйел теңсіздігі де негізгі тақырып ретінде көтеріледі. Айтыс нәтижесінде, Сараның басы Жиенқұлдан арашаланып, Жетісудың бұлбұлы атанып, бүкіл елге есімі әйгіленеді.

Бұдан шығатын қорытынды - қазақ халқы үшін айтыс өнері дала демократиясының ерен үлгісі деп толық айтуымызға құқығымыз бар. Айтыс өнері, сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, тілін, наным-сенімін, дүниетанымын, тарихын, мәдениетін, жалпы болмысын танытатын кең ауқымды өнер екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда айтыс өнерін жалғастырып, халықтың асыл қазынасын қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан өнер қырандары, Біржан мен Сара ізбасарлары Ақсу ауданында, соның ішінде, Қапал өңіріне көптеп кездеседі.

Оған дәлел сексенінші жылдарда аты елге танымал болған айтыскер ақын Жұмаш Оспабекова, Өтепберген Ақыпбеков, Қаныша Райысова, 2000 жылдарда өнер көрсетіп, шашасына шаң жуытпаған ақындар Айдарәлі Жанатбек, Айдарәлі Әнес, Әбіләшім Қайсар, Сақаба Ерлан есімдерін мақтанышпен айтуға болады.

Қапал өңірі тек қана айтыскер ақындарды ғана емес, жазба ақындарды да түлетуден алдына жан салмай келеді. Оған дәлел - С.Иманасов, Қ.Қайранбаевтар қазігі таңда көпшілікке танымал ақындардың қатарында аталатыны. Осы айтыскер ақындық пен жазба ақындықты байланыстыратын іс-шаралар Қапал ауылында әлі де өз жалғасын табуда.

Қапалда өткен «Ешкіөлмес бауырындағы аламан» атты Ақсу аудандық жазба ақындар мүшәйрасы осының айғағы. Мүшәйраның басты мақсаты - Ақын Сараның өнері мен шығармашылығын елге кеңінен насихаттау болды. Іс-шараның өтуін ұйымдастырушылар - Қапал аулындағы Ақын Сара мемориалды музейінің қызметкерлері. Осындай айтыс өнерінің майталмандары, жазба ақындар, айтыс өнерінің жәдігерлерін сақтап, көрнекі түрде келер ұрпаққа таныстырушы музей қызметкерлері барда әдеби-музыкалық мұра, халық қазынасы - айтыс өнері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Оны жалғастыру, сақтау, таныстыру, насихаттау – бәрімізге ортақ қасиетті борыш.

Айдын ЖАҚЫПБЕКОВ,

Ақын Сара мемориалды музейінің қор сақтаушысы

Қапал ауылы

Ақсу ауданы

Алматы облысы