ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ӘБДЕН МАЛ ҰРЛАП МАШЫҚТАНҒАН ҚЫЛМЫСКЕР ҚАМАЛДЫ

Уақыты: 04.12.2021
Оқылды: 1520
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында тағы бір мал ұрлығы тіркелді. Қожалық иесінің малын бірнеше рет ұрлаған 28 жастағы күдіктінің ісі сотқа жолданды.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданы Ынтымақ ауылының 28 жастағы тұрғынына қатысты бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру және мал ұрлығы бойынша іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Сотқа дейінгі тергеу барысында Б.есімді азаматтың шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеп жүріп, 2019 жылдың 30 желтоқсанында түнгі уақытта С.есімді азаматтың құны 418 194 теңге болатын жылқы малын ұрлап, оны досына 400 000 теңгеге сатқаны анықталды. Түскен ақшаны ұры өз қажеттілігіне жұмсаған. Жылқы тәркіленіп, жәбірленушіге қайтарылған болатын.

Алайда ол 2021 жылдың шілдесінде құныққан ұры жалпы сомасы 189 642 теңге болатын тағы екі бас бұзауды ұрлап кеткен. Бұл оқиғалардан соң жұмыстан босатылған айыпталушы тағы бір мәрте мал ұрлығын жасауға ниеттенген. Жүк көлігін жалдап, оның жүргізушісіне өзінің малын алып жатқанын жеткізіп, бұрынғы жұмыс берушісінің 2 сиырын тиеп алып кеткен. Оларды Талғар ауданы Гүлдала ауылында орналасқан мал базарына апарып, досына 400 000 теңгеге сатқан. Бүгінде екі мал да заңды иесіне қайтарылды.

- Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті ағымдағы жылдың 20 қазанында қамауға алынды. Оның іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігі 2-тармақшасы және 189-бабы 1-бөлігі бойынша сараланды. Жоғарыда көрсетілген баптардың санкцияларына сәйкес сот кінәсін мойындаған жағдайда сотталушыға тиісті жаза шарасын тағайындайды, - деді Жамбыл аудандық полиция басқармасының тергеушісі Азамат Нұрсұлтан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"