ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫНДА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ ПАШ ЕТІЛДІ

Уақыты: 06.12.2021
Оқылды: 977
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елбасының «Тәуел­сіз­дік тағылымы» атты бүгін жарық көрген мақаласын байыппен оқып шықтым. Ондағы Елбасы қаламынан туған тың ойлар мен тұжырымдарды оқи отырып, тағы бір ауқымды белесті бағындырғанымызға көзіміз жетті. Әрине, осы жылдар аясында елімізде ғасырға бергісіз жаңалықтар болды деп айта аламыз. Оның бәрі де Елбасының  жанқиярлық еңбегінің нәтижесінде жүзеге асқаны белгілі.

Мақалада айтылғандай, тәуелсіздіктің тағы бір басты жетістігі – ұлы көш жолын жалғаған, елдің елдігін паш еткен мемлекеттің даму бағытын жаңылмай таңдап алғандығы дер едім. Байқасаңыз, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін сол шекпеннен шыққан мемлекеттер өздерінің даму жолын саралады. Ал Қазақстан Республикасы осындай сын сағатта бюджеттік, салықтық, қаржы-несие жүйесін жүйелі реформалауды ұтымды пайдаланды.

Қазіргі таңда ұзақ уақыттық даму бағдарын белгілеген мемлекеттер санау­лы. Сол қатарда Азиялық мемлекеттер қатарынан тек Қытай мен Қазақстан ғана аталады. Тіпті, қазірдің өзінде Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы аясында Ұлы Дала елі болатынымызды әлемге паш еттік. Көптеген елдер ертеңгі болашағының қалай болатынына сенімсіздікпен қарап жатқанда біздің болашақта кім болатынымызды айқындау үлкен батылдықтың белгісі.

Шындығында, тәуелсіздік алғаннан бері болашақ үшін құрылған теңдессіз жобаларды жүзеге асырып келеміз. Бұл біздің Елбасының ерен еңбегінің және ел Тәуелсіздігінің жемісі десек артық айтпағанымыз. Ендеше, осындай батылдыққа бару - тәуелсіздіктің тағы да бір мүмкіндігі. Ол батылдық алдағы уақыттағы жетістіктерімізге жол салмақ. Осы жетістіктердің бастауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғанын ешқашан ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан, Елбасы мақаласында айтылған тың ойлар ұлы армандарды жүзеге асыруға бағдаршам болары анық.

Мақпал АНДАС,

С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітапханасының қызметкері