ШОНЖЫ АУЫЛЫНДА ТҰРАТЫН ЗЕЙНЕТКЕР ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫНА ҮН ҚОСТЫ

Уақыты: 06.12.2021
Оқылды: 1164
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаратқанның назары қазақ халқына түскенінің белгісі – ғасырлар бойы қырғын соғыстан, кеңестік идеологияның қуғын-сүргінінен, миллиондаған жанды жалмаған аштық пен Екінші дүниежүзілік соғыстан аман қалуымыз еді.

Әрбір қиындықтың артынан келетін жақсылықтай КСРО атты алпауыт мемлекеттің құлауы Қазақстан Республикасының азаттығын алып, өз алдына мемлекет болуына септігін тигізді. Сол күндердің ауыртпалығын көргендер ұмытпауы тиіс. Ресми сайтына «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақала жариялаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жазбасын оқыған соң маған осындай ой келді. Қайта құру дәуірінен кейінгі кезеңде құлаған Кеңес одағының сұрқия саясатын сипаттаған мақалада сырт көзге жалтақтаған кейбір халық қалаулыларының айнымалы мінез-құлқы, алдыдан жарқырай көрінген жаңа көкжиек – Тәуелсіздіктің алғашқы таңдарын ажырата алмағандықтан әбігерге түскен көңіл-күй, коммунистік идеядан капиталистік кезеңге өте шыққан адамдардың нарықтық экономикаға бет алған бағытты бірден ұғына алмауы, тоқсаныншы жылдардың басындағы мемлекет құрудың қиындығы мен қызығы көрініс тауыпты. Мемуар сипатты туындының тұла бойы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған, ақ жаулықты аналарымыз аңсаған азаттықтың қымбат екендігі есіңізден шықпайды. Сол арқылы әрбір күніміздің табысты, әрбір таңымыздың құтты екендігін ұғынасың, түйсінесің, түсінесің!

Биылғы 30 жылдық кезеңіміз ойланатын, ой қорытатын, нәтиже шығаратын, табысқа кенелетін күндердің бастауы болсын! Шындығында, Құдайдан сұрап алған ұрпағыңа барша жақсылықты тілеуден, лайықты бақытты сұраудан артық тіршілік жоқ. Сол арқылы келешек кемелденіп, болашақ жарқырай түседі. Себебі, бүгінгі біздің бақытымыз ғасырлар бойы сұраған дұға-тілектің, ақ батаның нәтижесі. Ендеше, күн астында қанат жайған қырандай қалықтаған халқымыздың ғұмыры баянды болуын алақан жайып сұрайық!

Иса НАУРЫЗБАЕВ,

зейнеткер

Шонжы селосы,

Ұйғыр ауданы