ЭКОЛОГТАР САРЫӨЗЕКТЕГІ ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫНА БІРНЕШЕ АЙЫППҰЛ САЛДЫ

Уақыты: 08.12.2021
Оқылды: 1547
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының экологтары Сарыөзек ауылында орналасқан «Alacem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бір емес, жеті бірдей айыппұл салды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының экология департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Алматы облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Серік Сарбасовпен 2021 жылғы 6 мамырдағы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің № 134–Ө «2021 жылдың II жартыжылдығына арналған қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау тізімдерін бекіту туралы» бұйрығының негізінде «Alacem» ЖШС-на (цемент зауыты) 2021 жылдың 19 қазаны мен 8 қараша аралығында жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижесін жұртшылыққа жеткізу мақсатында Кербұлақ ауданы, Сарөзек ауылының тұрғындарымен «ZOOM» платформасы арқылы онлайн конференция өтті.

"Alacem" ЖШС "Цемент өндірудің құрғақ тәсілін пайдалана отырып, өндірістік қуаты тәулігіне 3200 тонна клинкер цемент зауытын салу" бойынша "Қоршаған ортаға әсерді бағалау" жобасына 2019 жылғы 15 қазанда №в 01-00112/19 мемлекеттік экологиялық сараптамасының оң қорытындысын алған, сондай-ақ, 2019 жылғы 18 қазанда № KZ24VCZ00480594 қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат рәсімдеген. Бұдан бөлек, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінен рұқсат етілген шығарындылар жобасына 2019 жылы 9 шілдеде № KZ18VCZ01143794 санымен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты реттестірген.

Профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша төмендегі заңбұзушылықтар анықталды:

2019 жылғы 15 қазандағы №В 01-0012/19 мемлекеттік экологиялық сараптамада: қатты отын мен (көмір) қазандық нормаланбаған;

Аккредиттелген, өндірістік немесе тәуелсіз зертханалардың 2019 жылға, 2020 жылға және 2021 жылғы 1-3-тоқсан үшін өндірістік экологиялық бақылау есептері ұсынылмаған;

Қалдықтарды түгендеу бойынша жыл сайынғы есеп берілмеген;

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қауіпті қалдықтардың паспорты ұсынылмаған;

Өндіріс және тұтыну қалдықтарын кәдеге жарату, жою бойынша арнайы кәсіпорындармен келісім-шарты жасалмағаны, яғни, зауыт аумағында өндіріс және тұтыну қалдықтарымен (ҚТҚ, металл сынықтары, құрылыс қалдықтары, жүк автомобильдерінің шиналары және басқа) қоқыстанған;

Табиғат пайдалану шарттарын орындамау, яғни, кәсіпорын нақты эмиссиялар бойынша тоқсан сайынғы есептерді тапсырмаған.

Қазіргі таңда осы аталған заңбұзушылықтарды болдырмау, оларды жою мерзімдері қойылып, кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді.

Аталған заңбұзушылықтар бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 332, 328, 325, 327-1 бабының 1 тармағымен, 324 бабтың 1 тармағымен, 344 және 326 бабтарымен хаттама толтырылып, жалпы сомассы 3 034 497 теңгеге 7 айыппұл салынды.

Бүгінгі күні барлық айыппұлдар толық көлемде өндірілді. Сонымен қоса, Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына экологиялық рұқсат алғанға дейін Алматы облысы Кербұлақ ауданында орналасқан "Alacem" (Аласем) ЖШС асханасын және вахталық кентін жылытуға арналған қазандық қызметін тоқтату туралы талап-арыз берілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"