ТАЛДЫҚОРҒАНДА БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ ОЛИМПИАДА АЯҚТАЛДЫ

Уақыты: 09.12.2021
Оқылды: 1172
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін - қазақтың аяулы перзенті, журналистиканың жампозы Бейсен Құранбектің туған күні. Көзі тірі болса есіл ер елуді еңсеретін еді. Бекзат болмыс иесі жарық ғаламмен жанар суарған тірлігінде көпке үлгі болар ғибратты ғұмыр соқпағын кешті. Артына мол мұра қалдырды. Еңбегіне қарай Қазақстан Президенті сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері атанып, бірнеше төсбелгінің иегері болды. Көз тірісінде Кербұлақ ауданы мен Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атанды.

Қоғамның жан жарасын жазамын деп өзінің қысқа ғұмырында тынымсыз тер төккен текті перзент жарық ғаламнан жанар тайдырған шақтан бастап ел жүрегіндегі, руханиятындағы екінші ғұмырын кеше бастады. Бейсен Құранбек жайлы бүгінге дейін үш бірдей кітап жарыққа шықты. Түрлі еске алу шаралары өтті. Соңғы бір айдың көлемінде Талдықорған топырағында бастау алған Бейсен Құранбек атындағы олимпиаданың жабылу салтанаты Журналистер үйінде өтті.

Салтанатты шарада алғашқы болып облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова сөз алды. Ол:

– Елі сүйген, елін сүйген ардақты азамат, тележурналистиканың тарланы Бейсен Құренбек атындағы олимпиаданың жабылу салтанатына қош келдіңіздер! Қазақ руханиятына өзінің ізін қалдырып, ақпарат аламанында ағартушылыққа күш салған ардақты жанды елі ұмытпайды. Осындай шырайлы шаралар көрініс тауып, өнегелі дүниелер өрнектелген сайын тұлғалық болмысы асқақтай беретініне сенімдіміз, – дей келе, олимпиаданың негізгі мақсатына аз-кем тоқталып, жеңімпаздарды құттықтады.

Өз кезегінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің басқарма төрағасы - ректор, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырза, «Жетісу» телеарнасының директоры, жазушы Серік Сарыбаев, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Төлеген Самайұлы сөз алып, Бейсен Құранбектің өнегелі өмірі мен шығармашылық әлемі жайлы жылы лебіздерін білдірді.

Бейсен Құранбек атындағы олимпиаданың «Спортпен бірге денсаулықты шыңдаймыз» спартакиадасында жүлделі ІІІ орынды Қарасай аудандық құрамасы, ІІ орынды Іле ауданының құрамасы, І орынды облыстық білім басқармасы құрамасы жеңіп алды. Ал педагогтар арасында өткен «Mi Battle» зияткерлік сайысында Ұйғыр ауданының командасы ІІІ, Алакөл аудандық командасы ІІ, Талдықорған қаласының командасы І орын иегері деп танылды. Оқушылар арасында өткен «Mi Battle» зияткерлік сайысында Панфилов ауданының командасы ІІІ орын, Текелі қаласының командасы ІІ орын, қапшағайлық команда І орынға ие болды.

«Отанды сүю – ұлылық» аталымы бойынша Сарқан ауданы, Ақын Сара атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айзат Ескермесқызы және Көксу ауданы, Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Байбұлатова ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. ІІ дәрежелі дипломмен Кербұлақ ауданы, Күреңбел орта мектебінің мұғалімі Қамар Өзбекова және Текелі қаласы №5 орта мектебінің оқытушысы Мерейлім Қарабалаева, І дәрежелі дипломмен Райымбек ауданы Н.Өмірзақов атындағы орта мектебінің оқытушысы Дария Байбосынова марапатталды. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік басты құндылығымыз» тақырыбында эссе жазу мен негізгі пәндер бойынша білімділер бәйгесінде, сурет, кескіндеме және сәндік қолданбалы өнер, роботехника байқауларының қорытындысы бойынша үздік деп танылғандар марапатталып, жүлделі орындар мен ақшалай сыйлықтарға ие алды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы