ҚАР МА, ЖАҢБЫР МА, БӘРІБІР! ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ТАЛҒАРДАҒЫ МӘСЕЛЕГЕ НАЗАР АУДАРДЫ

Уақыты: 10.12.2021
Оқылды: 1228
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлеуметтік желіде Талғарға қатысты тағы бір шулы бейнематериал (үстінен басыңыз) тарады. Желідегі видеодан ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жанталасып асфальт төсеп жатқан жұмысшыларды көруге болады. Аталған жайтқа Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ назар аударып, "Твиттер" парақшасы арқылы пікір білдірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Видеоны Талғарда тұратын қала тұрғындарының бірі түсірген. Видео Instagram желісіне жүктелген. Видео авторының айтуынша, кадрлар 8 желтоқсанда Абылай хан көшесінде түсірілген. Сол күні көшеде қар жауып, жолдың су және лай-батпақ болған. Бірақ жұмысшылар асфальт төсеуін тоқтатпаған. "Мұның бәрі бізде дәстүрге айналған. Не үшін бұлай болып жатқанын білесіз бе? Өйткені, жыл аяғында бюджет игерілуі керек қой", - дейді видео авторы болып жатқан жайт туралы.

Жағдайға «Автодор Талғар» компаниясы түсініктеме берген. "Талғар қаласын Абылай хан көшесіндегі 1200 орынды орта мектепке кәріз жұмыстарын жүргізуге тапсырыс беруші - Алматы облысының құрылыс басқармасы. Мердігерге ауа райының қолайлы жағдайында жолдың бұзылған бөлігін асфальттау туралы бірнеше рет ескертілген. Алайда мердігер оны елемеген. Мердігердің мәліметінше, жұмыс құрылыс салушының есебінен жүргізіліп жатыр. Тапсырыс берушінің шешіміне дейін жұмыс тоқтатылды", - делінген түсініктемеде.

Қар ма, жаңбыр ма, лай-батпақ па, бәрібір, ештеңені елемей асфальт төсеп жатқандар мәселесіне Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев назар аударды. "Бұл бюджет қаражатын дұрыс пайдаланбаудың, ысырап етудің айқын мысалы. Кінәлілер жазасын алады", - деп жазды ол желідегі парақшасына.

Айта кетейік, қараша айының соңында Талғарда осындай жағдай тағы да орын алған еді. Ол кезде жұмысшылардың мұз бен қар қабатының үстіне асфальт төсеп жатқаны түсірілген болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"