ЖАСТАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНДА БІЛІМДІЛЕР БАҚ СЫНАСТЫ

Уақыты: 13.12.2021
Оқылды: 1349
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жастарға қызмет көрсету орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық «IQ DODA» зияткерлік ойыны өтті. Оған әр облыстан келген 12 команда қатысты.

Сайыстың ашылу салтанатында облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ЖШС директоры Дана Дүйсенова сөз алып:

­­­­­­- Республикалық жарыс облысымызда алғашқы рет өтуде. Зияткерлік ойын адамның интеллектуалдық қабілетін дамытуға, топпен жұмыс жасау, өзіндік пікірін қорғау және әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Болашақта сайысты жылда өткізу жоспарда бар, ­- дей келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған сайыс тартысқа толы болды. Әр топта 4 адамнан өнер көрсетті. Зияткерлік ойын қазақ және орыс тілдерінде, жеті негізгі кезең бойынша өрбіді. «IQ ДОДА» ойынындағы барлық сұрақтар Қазақстан тарихына, логикаға, тапқырлыққа қатысты болды.

Ақтық сында  үздік жеті команда өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысының «Тұран» командасы жеңімпаз атанып, 750 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Тұғырдың екінші сатысынан көрінген Павлодар облысының «Ертіс» командасына 600 мың теңгенің сертификаты табысталды. Үздік үштікті түйіндеген Шымкент қаласының «Шымқала» командасы 500 мың теңгені еншіледі.

Айта кетейік, ақтық сында өнер көрсеткен төрт командаға планшеттер мен электронды кітаптар табысталды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы