ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА БІР КҮНДЕ ЕКІ НЫСАН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 15.12.2021
Оқылды: 1286
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Жамбыл ауданында екі нысан ашылды. Самсы ауылында округ әкімшілігінің жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, Сарыбай би ауылында сусын шығаратын зауыт іске қосылды. Қос қуанышқа аудан әкімі Нұрлан Ертас ортақтасып, тұрғындарды құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Алдымен Алматы-Бішкек күре жолының бойындағы Самсы ауылында әкімшілік ғимаратының ашылуы болды. Онда сөз алған аудан басшысы ауылдық әкімдіктің мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы маңызын атап өтті. Ауылдық әкімшілік қызметкерлерінің халық пен билік арасындағы дәнекер екеніне, елді мекендерді оңалту, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Салтанатты шарада ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Шынтеміров аядай ауылға көрсетілген қамқорлық үшін тұрғындар ризашылығын жеткізді. Құрылысты жүргізген мердігер ұйым «Қолқанат-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұхаметәли Шынтайұлы Самсы ауылдық округінің әкімі Ержан Құсайыновқа ғимараттың нышанкілтін тапсырды. Ауыл ақсақалы Сәлімжан Екейбеков бата беріп, құрметті меймандар ғимарат лентасын қию рәсімін орындады.

Әкімдік ғимаратының жалпы құны - 162 миллион теңге. Заман талабына сай қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Көлемі 426 шаршы метр. Құрылысы биылғы мамырда басталып, алты айда толық аяқталған. Бұл округке Тарғап, Қопа және Самсы ауылдары қарайды.Осы елді мекендерде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша кейінгі бес жылдың ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Дәрігерлік амбулатория ашылып, көше жолдары асфальтталды, орталықтандырылған ауызсу жүйесі, Тарғап орта мектебіне күрделі жөндеужүргізілді. Енді Самсы ауылына көптен күткен табиғи газ құбыры тартылмақшы.

Одан кейін Сарыбай би ауылында «AI-RAI OIL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сусындар шығаратын зауыты ашылды. Қуанышты сәтке қатысқан аудан басшысы Нұрлан Ертасұлы таза ауызсу мен сусындар және табиғи шырындар шығаратын жаңа өндіріс орны аудан экономикасына, халықты жұмыспен қамтуға өзіндік үлесін қосатынын айтты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, кәсіпкерлерді барынша қолдаужөніндегі тапсырмаларын еске салып, ауылдық жерлерде өндіріс көлемін арттыру, өнеркәсіп кешендерін жандандыру, жаңа жұмыс орындарын көбейту атқарушы билікке жүктелген басты міндеттері екенін білдірді.

Салтанатты сәтте «AI-RAI OIL» серіктестігінің атқарушы директоры Ұзақбай Жақсымұратұлы кәсіпорынның жұмысы туралы қысқаша баяндап, аудан әкімшілігі тарапынан жол, электр энергиясы, табиғи газ, су жүргізуде көмек көрсетілгенін жеткізді. Бұл өндірісті ашудағы негізгі мақсат халыққа химиялық құрамы сақталған, бірақ микробиологиялық өңдеуден өткен ауызсу ұсыну екенін айтты. Ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Еркін Әбдіғазиев ризашылық лебіз білдіріп, ақ батасын берді.

Бұл жобаның жалпы құны - 372 млн.теңге. Зауытта бөтелкеге құйылған ауызсу, тәтті сусындар,минералды сулар шығарылады. Заманауи құрал-жабдықтар қойылып, жұмыс үрдісі автоматтандырылған. Өндірістік қуаттылығы бірінші кезеңде сыйымдылығы жарты литрден 5 литрге дейінгі құтыдағы ауызсу өндіреді. Екінші кезеңде көрсеткіш еселеніп, әр түрлі сусындар өндіреді. Нәтижесінде, 40 адамды жұмыспен қамтымақ. Қазіргі кезде 15 адам жұмыс істейді. Сағатына үш мың литр су құтыланады. Өнімнің 15 түрін шығаратын кәсіпорында бұған қоса маусымдық кезде алмадан шырын әзірленеді. Зауыт жұмысынан бюджетке жылына 150 миллион теңге көлемінде салық төленетін болады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы