ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ӘДЕМІ СӨЗДЕРМЕН КӨМКЕРУДЕН АУЛАҚПЫН. ЖАНДАРБЕКПЕН СҰХБАТ

Уақыты: 16.12.2021
Оқылды: 1095
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіздіктің құрдасы, елімізге белгілі айтыскер ақын, қазіргі таңда Талдықорғандағы Достық үйі – «Қоғамдық келісім» КММ директоры қызметін атқарып отырған Жандарбек БҰЛҒАҚОВПЕН аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жандарбек аға, «Тәуелсіздік» ұғымын қалай түсінесіз?

– Тәуелсіздік деген мынандай, анандай деп әдемі сөздермен көмкеруден аулақпын. Анығы – тәуелсіз өмір сүріп отырғанымыз, шегенделген шегарамыздың, мемлекеттік рәміздеріміздің, ұлттық құндылықтарымыздың барлығы. Біз осының бәріне қол жеткізген мемлекетпіз. 30 жылдың ішінде ғана емес, оған дейінгі қазақ тарихындағы қандай да бір күрес, соғыс, жаугершілік заман болсын барлығы тәуелсіздік үшін болғаны бесенеден белгілі. Сондықтан, қазақтың тарихын 91-ші жылдан бері таратуды жөн көрмеймін. Оған дейінгі қаншама қиындықтар тәуелсіздік жолында болды. Тәуелсіздік жолында көз жұмған бабаларымыз қаншама?! Сондықтан, тәуелсіздікке жету қаншалықты қиын болса, оны ұстап тұру одан да қиын. Оған ел, ұлт болып ұйысуы керек. Ұлттық құндылықтар дәріптелгені жөн. Тек мемлекет қана атсалысып, халық өз бетімен жүрмеуі қажет.

Тәуелсіздіктің құрдасы болғаннан кейін кейде өнер сапарымен, я болмаса, басқа да бір ғылыми жобалармен шетелдерге шығып жатқан кезде мемлекеті жоқ, шегарасы жоқ, әнұраны жоқ, сайлаған басшысы жоқ ұлт өкілдерін көріп қаламыз. Олардың бізге қаншалықты қызығып қарайтыны, қызғанып қарайтыны сөзінен де, көзінен де байқалып тұрады. Енді осы 30 жылдықта жеткен дүниелердің барлығына мақтана бермей, тәуелсіздіктің тұрақты болуына әрбір қазақ баласы атсалысу керек.

– Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Достық үйін басқарып отырсыз. 30 жылдық мерейтойға қандай іс-шара ұйымдастырып жатырсыз?

– Мен енді қыркүйек айынан бастап тағайындалдым. Сондықтан, мен негізгі күш пен жобалардың барлығын 2022 жылға жоспарлап отырмын. Қазіргі уақытта 2021 жылдың басында бекітілген жобалармен жұмыс істеудемін. Достық үйінде этномәдени орталықтардың жұмысын жандандыру, өз тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттау ісі жүйелі жалғасын табуда. Қазақтың әдет-ғұрпын, негізгі құндылықтарын дәріптеуді этномәдени орталықтарға ұсыныс ретінде енгізіп отырмыз. Украина этномәдени орталығы Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай Шевченко мен Ж.Жабаевтың шығармашылық байланысы туралы іс-шара өткізді.

Биыл ел болып тойлап жатқан Жамбылдың 175 жылдығын, М.Мақатаевтың 90 жылдығын неге этнос өкілдері арасында өткізбеске? Тек қана бір ұлттың жеке мәдени шарасы емес қой. Осы тұрғыда Алматы облысындағы этномәдени орталықтар қазақтың ұлттық мәдениетін насихаттауда. Мысалы, жуырда «Достық додасы» деген атпен қаламыздағы этнос жастары арасында жарыс өтті. Қазақы құндылықтарды дәріптеуде зияткерлік ойын қолға алынды. Соның шешімі шықты. Тәуелсіздік алған 1991 жылы көшіп келген қандастарымызды шақырып, форум өткіздік. Форумның мақсаты – осы уақытқа дейін кәсіпте, спортта, өнерде, ғылыми жобаларда жетістікке жеткен қандастарымыздың басын қосу. Осындай бір қазақы жобаларды бірінші орынға қойып жатырмыз.

– Кеңес кезінде өскен аға ұрпақтың бойында жалтақтық болды деп жатамыз. Бұл пікірмен келісесіз бе? Бүгінгі тәуелсіздіктің азат ойлы ұрпағы ретінде не айтар едіңіз?

– Кеңес кезінде барлық адам жалтақ болды дегенге өз басым сене қоймаймын. Керісінше, Кеңес кезінде ағаларымыз өжеттеу, ойын ашық жеткізетін, қыспаққа қарамай қуғын-сүргін көрсе де отырған тағын, мансабын уайымдап, тілін тістеп қалды дегендер аз. Ел болғаннан кейін, әрине, жалтақтар жоқ еді деп үзілді-кесілді айта алмаймын. Бірақ жалтақтық тәуелсіздікке немесе кеңестік кезеңге қарамайды, ол – адамның жеке ұстанымы. Біреудің көңіліне қарап сөйлемеуі мүмкін немесе қыспаққа қарап үндемеуі де ғажап емес.

Жалпы, мен Кеңес дәуірінде тәрбиеленген адамдар жалтақ болды дегенге сенбеймін. Өйткені, біз қазір аға буынды көп көріп жүрміз. Мысалы, өзімнің әкем көп жағдайда бетің бар, жүзің бар демейді, дұрыс емес жерін айтып тастайды. Осындай аға буындарымыз көп. Өкінішке қарай, қазіргі жастарда бұл мәселе көбірек белең алған сияқты. Ойын ашық айтпау, айтқысы келген дүниесін басқа біреуге айтқызу, мұғалімнің немесе әкімдіктің тарапынан мәжбүрлікпен айту я болмаса, қолдарына жалау ұстап алып, флешмобтарға қатысу, қатысқысы келмесе де, мектеп директоры айтқан соң орындау, ректор айтты, әкімдіктен тапсырма келді деп оқудан шығып кетпеу жолында амалсыздан көну секілді көріністер толып жатыр. Біз осындай қыспақ заманда өмір сүріп жатқандаймыз. Кеңестік кезеңдегі қаншама тарихи кітаптарды оқыдым. Бір ғана Шахановтың 86-шы жылғы көтерілісті орысшасы жетсе де, жетпесе де жастарды күрекпен ұрғанын, Қазақстанның өзі былай тұрсын, Кремльдің төріне барып айтқанының өзі ерлік емес пе?!

Әр нәрсенің пайдасы мен зияны болады. Сіздің айтқыштығыңыз жеке адамға атақ алып беруі мүмкін. Сізді батыр қылып көрсетуі мүмкін. Айтып тастаған жалпы қоғамға пайдалы ма? Қоғамға оның нәтижесі қандай? Зиян алып келмей ме? Адам соны өлшеу керек. Егер сіздің ойыңыз адамға пайда алып келіп тұрса, ол пікірді ашық айту керек. Ал жеке басыңызға пайдалы болса, онда тоқтатқан жөн. Мысалы, хайпқұмарлар, блогерлер кішкентай жаңалықты әлеуметтік желіге салып жіберіп, 20-30 адамның пікіріне, «сен мықтысың» дегеніне риза болады. Сондықтан, жеке бастың беделіне жұмыс істеп кетпеу керек деп ойлаймын.

– Шешім қабылдар кезде не нәрсеге сүйенесіз? Тәуелсіздіктің сізге берген тәрбиесі қандай?

– Жылдам шешім қабылдау басшы болғаннан кейін талап етіледі екен. Бұрын асықпай, кеңесіп, ақылдасып, өмірлік тәжірибесі бар адамдармен сұхбаттасып алатынмын. Ал қазір іс-қағаздардың ортасында отырғаннан кейін бір сағаттың ішінде не былай, не былай жасау керек. Біреумен кеңесіп те үлгермейсің. Кеңескен күннің өзінде толыққанды ақылдаса алмайсың. Сондықтан, барынша шешім шығарар кезде тәжірибесі мол адамдармен ақылдасқанды жөн көремін. Ақылдасқанда береке бар деген ұстаным бар. «Өзің білмегенді кісіден сұра, кісі білмесе, кішіден сұра» демекші, сол саладағы тәжірибесі мол адамның жасы кіші болса да ақылдасқанды ар санамаймын. Өйткені, не болса да жұмыстың нәтижесі керек. Сол себепті ақылдасамын. Ақылдасқанда тұрған ештеңе жоқ.

Туғаннан қазақы тәрбиеде өстік. Бәлкім Кеңес дәуірінде өссек, біздің ортамыз басқаша болар ма еді?! Қазір, мысалы, жұма сайын мешітте жастар толы отырады, бір қуанарлық жағдай осы. Егер Кеңес кезінде өмір сүрсек, біз ондай мүмкіндіктерді көрмейтін бе едік?! Діни, мәдени, ұлттық құндылықтарымызды бойымызға сіңіре алмай қалар едік. Сондықтан, тәуелсіздік ізденемін, талпынамын деген адамға барлық мүмкіндікті жасап отыр. Қай салада болса да адам өз бағытын табады. Сондықтан, бізге тәуелсіздік тәрбиелік қана емес, материалдық және рухани жағынан да өз септігін тигізуде.

– Газет ұжымына білдірер тілегіңіз.

– «Jetіsý» газеті – тарихи газет. Басы-қасында отырған ағаларымыздың қай-қайсысы болса да Алматы облысының ғана емес, қазақ руханиятының белгілі өкілдері. Әміре, Нүсіп, Жұматай ағаларымыздың көз алдында өстік. «Jetіsý» газеті қалам ұстаймын деген жастар үшін де, аға буын үшін де үлкен қара шаңырақ. Облыс көлемінде қандай жаңалық болсын «Jetіsý» газеті бірінші жазады. Жақсылықтың жаршысы болып жатады.

Бұл газетке «тарихи газет» деп баға беремін. Облыстың тыныс-тіршілігімен біте-қайнасып келе жатқан басылым. Қанша дегенмен интернеттің заманы, технологияның заманы десек те кітап пен газеттің орны бір бөлек. Қара қағаздың орнын ешқандай интернет баса алмайды. Балғынбек ағамыз ұшаққа отырған кезде оқыса да, оқымаса да қазақ газеттерін алып кетіп отырады екен. Сөйтсек, әуе компаниялары ең соңында статистика жасап, қазақ газеті таусылып қалыпты, оған сұраныс бар екен деп алдағы уақытта қазақ басылымын дамытуға күш салатын көрінеді. Сондықтан, мен облыс аумағында тұрып жатқан, қонақ болып келген кісілердің барлығын «Jetіsý» газетін оқуға шақырамын. Бір ауыз тілегім осы.

Сұхбаттасқан - Кәмила ТҰЯҚОВА

Алматы облысы