ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 16.12.2021
Оқылды: 1006
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ 16  желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен барша жетісулықтарды құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

- Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Сіздерді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз, берекеміздің бастауы, елдігіміздің қайнары. Азаттық аңсаған бабалар мен бейбіт заман ұрпақтарының арман-мақсатының тоғысуы. Ғасырға бергісіз осы отыз жылымыз үшін біз ең алдымен тарихқа тағзым етеміз.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында түрлі саяси-экономикалық реформалар сәтті іске асырылып, Қазақстан жасампаздыққа қадам басты. Әлемдік аренада беделін орнықтырды. Экономикалық қуаты артып, рухани мұраларымен қайта қауышты. Бүгінде Отанымыздың жаңа дәуірдегі жолы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың байыпты саясатымен сабақтаса жалғасып, республикамыз өсіп-өркендеп келеді.

Отыз жылдың жетістігі мен жеңісінде облысымыздың әр тұрғынының үлесі бар. Еңбегімен ерлеген, татулықты ту еткен Жетісу өлкесінің азаматтары бұдан былай да тәуелсіздікті нығайта түсуге атсалысады деп сенемін. Осы орайда «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады», - деген Мемлекет басшысының сөзі біздің ел мүддесі жолындағы жұмысымызға үнемі бағдар болады.

Құрметті жетісулықтар! Осынау ұлық мерекеде сіздерге мықты денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға ырыс пен бақ тілеймін! Әрдайым елдігіміз еңселі, абыройымыз асқақ, алар асуымыз көп болсын! Отанымыз Қазақстан көркейіп, гүлдене берсін! Жұртымыз аман, жеріміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! - деді Қанат Бозымбаев құттықтауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"