ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТЕЗЕК ТӨРЕГЕ АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Уақыты: 18.12.2021
Оқылды: 876
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ халқының тамырлы тарихында есімі айшықталған тұғырлы тұлға, Абылай ханның шөбересі, Әділ сұлтанның немересі Тезек төре Нұралыұлының туғанына 200 жыл толуына орай Тіл сарайында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жетісу жерінде аға сұлтан болып, асқан өнер иесі екендігін танытып, ақындығымен, күйшілігімен ел жадында қалған тарихи тұлға жайлы толымды зерттеулер, мазмұны мәйекті баяндамалар оқылған шарада зиялы қауым өкілдері қос кітаптың тұсауын кесті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

«Жетісу тарихындағы жеке тұлғалар: заманы мен қызметі» ғылыми-тәжірбиелік конференциясын Алматы облыстық мәдениет, архвтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев құттықтау сөзімен ашты. Ол замана желі құбылып, аумалы-төкпелі кезеңді бастан кешіп отырған халықтың басын біріктіріп, сұңғыла саясаткерлігімен көрші ел патшаларының ыңғайын тауып, Жетісу жерін барынша бейбіт басқарған бірегей тұлға Тезек төренің ғибратты ғұмырынан аз-кем ақпар беріп өтті.

Өз кезегінде сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт те тарихи тұлғаның ел басқарудағы сұңғылалығын дәлелдейтін тың деректерді алға тартып, тұрпатын асқақтатты. Сонымен қатар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстық «Жетісу» гезетінің бас редакторы, айбоз ақын Әміре Әрін сөз алып, ұлы тарих қойнауынан қазыналы деректер келтіріп, Ұлы Шыңғыс қаған заманынан Тезек төре кезеңіне дейінгі аралықтағы бабалар жосынын тебірене термеледі. Өз дәуірінің жаңаша билік жүргізушісі екенін айшықтады.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, айбоз ақын Әміре Әрін, Кербұлақ аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Бөкен Қабиұлы мен Тезек төренің ұрпағы Әбілқайыр Бексұлтанов жазушы-ақын Азамат Ақылбеков құрастырған «Тезек төре – 200. Құдиярхан Тезек төреұлы –  170» кітабының және Қойшығұл Мұстафаұлының «Наурызбай батыр» туындысының тұсаукесер рәсімін өткерді.

Өз кезегінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов «Тезек сұлтан архив деректерінде», Алматы облысы әкімі аппаратының талдау бөлімінің басшысы Бағдат Ақылбеков «Тезек төренің заманы мен қызметі», Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Шамек Тілеубаев «Құдиярхан Тезекұлы және 1916 жылғы Жетісу көтерілісінің кейбір мәселелері» тақырыбында тарихи деректерге бай, толымды баяндама жасады.

Шара соңында Тезек төре туралы жаңа кітаптың құрастырушысы Азамат Ақылбеков сөз алып, конференцияның мәні мен мазмұнына тоқталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы