ПРЕЗИДЕНТ ИНСТИТУТЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ? ТІЛ САРАЙЫНДАҒЫ ЖИЫН

Уақыты: 18.12.2021
Оқылды: 936
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік және Президенттік институт» тақырыбында "дөңгелек үстел" өтті.

"Дөңгелек үстелдің" - мақсаты еліміздің жан-жақты, саяси дамуына сүбелі үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерінің, аға буынның тәлімін, тәрбиесін, ұлағатын еліміздің болашағы - жастарға жеткізу, ұлттық мәдениетін қалыптастыру және патриоттық сезімдерін ояту. "Дөңгелек үстелді" жүргізген Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы  Б.Керімбек шараның мақсатын осылай түсіндірді.

"Дөңгелек үстелге" облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Е.Сапаров, заң ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінің доценті, «Болашақ» стипендиаты Қ.Нұрсейітұлы, заңгер Ә.Қайырхан, сондай-ақ, «Zoom» бағдарламасы арқылы тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы Ж.Қуанышев, тарих ғылымдарының докторы, «Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі, экс-Елші, Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген қайраткер Қ.Қобландин, филология ғылымдарының кандидаты, медиазерттеуші Н.Асқаров қатысып, баяндама жасады.

Онлайн және оффлайн форматта өткен шараға облыстық жастар саясаты басқармасының, облыстық білім басқармасына қарасты облыс орталығындағы колледждердің жастар комитеті төрағалары және белсенді жастар, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, "Тіл" оқу-әдістемелік орталығының мамандары қатысты.

Қоғам қайраткері Ж.Қуанышбаев: "Президент институтының қалыптасу үдерісі елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және ұлтаралық дағдарыспен тұспа-тұс келді. Осы қиын жағдайда Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қазақстанның егемендігі мен мемлекеттік басқару жүйесін нығайтатын негізгі стратегиялық бағыттарын айқындады", – деп Президенттік институттың қалыптасуы мен тарихи маңызы жөнінде айтты.

– 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен бүкілхалықтық сайлауда Қазақстан халқының басым көпшілігінің дауысына ие болумен қатар Елбасы мемлекеттілікті нығайту мен оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі барлық жауапкершілікті өз мойнына алған барлық қазақстандықтардың Президенті мәртебесіне ие болды. Содан бергі кезеңде ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және Елбасы ретінде бабаларымыздың ұлы арманын орындап, халықтың басын қосып, оны елдікке шақырып, Қазақстанның тәуелсіздігін тұғырлы етті, – деді Қ.Қобландин.

Жиында Тәуелсіздік алған Қазақстанның төл құндылықтарының бірі - қазақ тілін дамыту мәселесі сөз болды. "Ана тілі – ұлттың рухани өмір-тіршілігінің өзегі, қадір-қасиетінің қалқаны", - деді Қ.Нұрсейітұлы.

Жиын соңында жастар тіл және тәуелсіздік жайында ой-көзқарастарын ашық баяндап, өзара пікір алмасты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"