ЕЛБАСЫ ТУҒАН ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ ҚУАНЫШ ҚАТАРЫНАН БОЛДЫ

Уақыты: 21.12.2021
Оқылды: 1302
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев тұрғындарға тарту ретінде жаңа әкімдік ғимараты мен дене шынықтыру-сауықтыру орталығын ашып, 30 отбасына жаңа пәтердің кілтін табыс етті.

Салтанатты жиын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының жанынан  биіктігі 30 метр болатын тутұғырдың (флагшток) ашылуымен басталды. 0,25 гектар жерді алып жатқан, көлемі 100 шаршы метр болатын бұл құрылыс қараша айында басталып, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында толықтай аяқталғанын айта кету керек.

Мемлекеттік Туды көтеру салтанатында аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы жұртшылықты халқымыз үшін аса қадірлі Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ел еркіндігінің көрінісі – Көк Туды биікте ұстау болашақ жастарға аманат екенін айта келіп: "Біз үшін  Мемлекеттік рәміздер ұлттық татулықтың кепілі. Дана халқымыз: "Туған жерге туыңды тік!" - дейді. Қасиетті Қарасай жеріне Ту тігу біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Тудың желбірегені – еліміздің дарқандығы, биіктігі – мәртебесінің асқақтауы деп білеміз. Ендеше Туымыз тұғырлы, тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын!" – деген сөздермен ойын тұжырымдады.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы Едіген Исатұлы 30 жылдың ішінде тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы Елбасының еңбегін айтты.

Ту көтеру рәсімін атқару құрметі Жандарбек Ермекұлы, Едіген Исатұлы және Олимпиаданың күміс жүлдегері, еңбек сіңірген спорт шебері Нұрбақыт Теңізбаевқа бұйырды. Көк Туымыз көкте желбірегеннен кейін Шамалған ауылының қадірменді қариясы Мырзабек ақсақал халқымыздың дәстүрі бойынша ақ батасын берді.

Осыдан кейін Жандосов ауылында «Проект Айда» ЖШС-інің жобалауы бойынша «Компания Бауыр Құрылыс» ЖШС атқарып шыққан сервистік әкімдіктің ашылу салтанаты өтті. Аталған ауылдық округтің әкімдік ғимараты соңғы жылдары апатты жағдайда болған еді. Осы себепті құрылысшылар алдымен ескі ғимаратты сыпырып тастап, орнына балалар ойнайтын алаң мен автокөлік тұрағы бар жаңа да зәулім кеңсе тұрғызды. Енді ауыл тұрғындарына көрсетілер мемлекеттік қызметтің сапасы да, саны да арта түседі деген сенім бар.

Әйтей селолық округінің аумағында орналасқан «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлер ел игілігіне берілді. Осы күні Жандарбек Ермекұлы көпбалалы 30 отбасына жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Қуаныш иелерін құттықтай келе аудан әкімі бұл жерде жылдың соңына дейін тағы 50 отбасы қоныстойын тойлайтынын, ал 2022 жылы жалдамалы және кредиттік негізде 520 пәтер пайдалануға берілетінін жеткізді. Тұрғындар санының артуына байланысты болашақта осы жерде орта мектеп салынатыны да жиналған жұртшылықты қуантып тастады.

Әйтейліктерге бұл күні аспаннан құт жауғандай  болды. Себебі, дәл осы күні ауылда «Samruk Kazyna» қорының қолдауымен көпсалалы спорт кешені де пайдалануға берілді. Ауыл жұртшылығын осынау айтулы қуанышымен аудан әкімі Жандарбек Далабаев, облыстық спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев және «Samruk Kazyna» қорының өкілі Серғожа Қалиасқаров құттықтады. Ал, ауыл ақсақалы Болат Жүнісов ауыл жұртшылығы атынан болашақ жастардың салауатты да мықты болып өсуіне ықпал ететін спорт кешенін салып берген азаматтарға алғысын білдірді. Кешеннің ішін аралап көргеннен кейін Жандарбек Ермекұлы жас футболшыларға өз қолтаңбасы бар допты, боксшыларға  қолғап, палуандарға форма, ал теннисшілерге ракеткалар мен доптарды сыйға тартты.

Аумағы 34 сотық жерді алып жатқан жаңа спорт кешені ескі мектептің жанында орналасқан.  Мұнда спорт ойындарына арналған зал, күресуге арналған кілем, боксшылардың рингі, теннис үстелі, киім ауыстыратын бөлме, жаттықтырушылардың кабинеті, жуынатын бөлмелер толықтай жабдықталған. Ғимараттың көлемі 1732,7 шаршы метрді құрайды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында басталып, қарашада толықтай аяқталған кешенде бүгіндері 10 адам еңбек етуде. Ал болашақта жаттығатын балалар мен еңбек ететін жаттықтырушылар саны арта түседі деуге негіз бар.

Соңынан журналистерге берген сұхбатында Жандарбек Ермекұлы ауданда әлеуметтік маңызды мәселелер мен тұрмысқа қажетті құрылыстарды  жүргізуге баса көңіл бөлініп келе жатқанын айтқан. Осыған орай «Жол картасы» бағдарламасы жасалынып, әр елді мекендегі халық сұранымы ескерілген.  Болашақта Әйтей ауылындағы спорт кешенінің жанынан Мәдениет үйін тұрғызу да жоспарда бар екен. Ал осының бәрін жүзеге асыру үшін ең алдымен аудан экономикасын көтеру қажет екені айтпаса да түсінікті.  Міне, сонда ғана әлеуметтік мәселелерді шешуге мол мүмкіндік ашылмақ.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы