АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ЫСТЫҚ ЛЕБІЗІН БІЛДІРДІ

Уақыты: 31.12.2021
Оқылды: 1122
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ жетісулықтарды Жаңа 2022 жылмен құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

"Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Сіздерді келе жатқан Жаңа 2022 жылмен құттықтаймын! Ерекше сәулелі, жүрекке жылылық сыйлайтын осы мерекеде алдағы жылға жоспар жасаймыз, асыл армандарымызды үкілеп, мақсат-міндеттерімізді белгілейміз.

2021 жылы еліміз үшін айтулы кезең - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы кеңінен атап өтілді. Осы уақыт аралығында іске асырылған ауқымды жетістіктерімізді қайта бір бағамдадық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен алдымызға зор мақсаттар қойып, даму жолын жалғастырып келеміз.

Әрине, өткен жыл індет жағдайында бәрімізге оңай тиген жоқ. Дегенмен, жұмыла жұмыс істеудің арқасында оң өзгерістерге қол жеткізілді, Жетісу өлкесінің одан әрі дамуына берік негіз қаланды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3,7 трлн.теңгеге жетті, ал ауыл шаруашылығында құны 1 трлн.теңгеден астам өнім өндірілді. Бір жылда 1 млн.шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы жолдағы тынымсыз еңбектеріңіз үшін, туған өлкені түлетуге деген ықыластарыңыз үшін сіздерге үлкен рахмет айтамыз.

Құрметті жерлестер! Жетістіктеріміз біздің ортақ жеңісіміз екенін, ал алда әлі талай асқар асулар күтіп тұрғанын әр жаңа жыл сайын сезінеміз. Жаңа жыл мерекесінің басты мән-мазмұны да осында, ол – болашаққа деген сенімімізді бекемдеу, алға ілгерілеуге талпындыру, жасампаздыққа деген ұмтылысты ояту. Сондықтан, келер жылдың жақсылықтарға толы болатынына деген сеніміміз мол.

Жаңа 2022 жылда арман-мақсаттарыңыз орындалып, игілік-қуаныштар көп болсын. Сіздерге мықты денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға молшылық пен береке тілеймін! Жаңа жылда тың бастамалар, биік белестер көп болсын!

Жаңа жыл жаңа бақыт әкелсін!" - деді Қанат Бозымбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"