САРЫӨЗЕКТЕ ВЗВОД КОМАНДИРЛЕРІ ЖАУЫНГЕРЛІК ДАЯРЛЫҚТАРЫН АРТТЫРДЫ

Уақыты: 01.01.2022
Оқылды: 1105
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарыөзек гарнизонындағы шабуылдау бригадасында взвод командирлерінің даярлық жиыны өтті. Оған танк, артиллерия, зениттік, инженерлік, байланыс және барлау взводтарының командирлері қатысты.

Бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінде түрлі деңгейдегі командирлердің практикалық даярлығын жетілдіру әдістерінің бірі - жиын өткізу болып табылады. Оның басты мақсаты взвод командирлерінің кәсіби даярлығы мен білімін жетілдіру, машықтарын арттыру, картамен және басшылық құжаттармен жұмыс жасауды меңгеру, аз уақыт ішінде тез шешім қабылдауды үйрету.

Жиынды сапалы дәрежеде ұйымдастыру мақсатында бөлім командирінің орынбасарлары, әскери бөлім басқармасы, батальон және дивизион командирлері санатынан тәжірибелі офицерлер жұмылдырылды.

Сабақ барысында взвод командирлеріне теориялық дәрістер оқылды. Ал байланыс, топография сабақтары мен әскери медициналық дайындықтардан практикалық сынақтар тапсырылды.

– Оқу барысында әр взвод командирі жауынгерлік білімі мен кәсіби деңгейін арттырып, өзара тәжірибе алмасты. Күнделікті әскери өмірдегі іс-шараларды сапалы ұйымдастыру, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әдістемелік, оқ ату және тактикалық даярлықтарды жақсарту мәселелері қаралды, – деді бөлімнің жауынгерлік дайындық бөлімшесінің аға офицері, майор Фархад Мәметов.

Ал практикалық сабақтарда взвод командирлері штаттық қаруды және жауынгерлік машиналардың қару-жарағын игеруде өз шеберліктерін көрсетіп, дене дайындығынан нормативтерді тапсырды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Қарулы Күштердің командирлеріне едәуір күрделі міндеттер жүктелген.

Сарыөзек гарнизонының баспасөз қызметі

Алматы облысы