ТАЛҒАРДА ӘУЕ ШАРЫН БАСҚАРАТЫН НҰСҚАУШЫНЫ ЖЕЛ ҰШЫРЫП ӘКЕТТІ

Уақыты: 02.01.2022
Оқылды: 1166
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаңа жылдың бірінші күнінде сағат 16:43-те Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне әуе шарымен қалықтап жүрген бір адамды жел ұшырып әкеткені туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға Талғар ауданы "Ақ бұлақ" тау-шаңғы кешенінде болған. Әуе шары қатты жел кезінде адам ырқына көнбей, тауға қарай ұшып, сақтандыру арқанын үзіп кеткен.

Шақырту орнына Талғардағы төтенше жағдай бөлімінен 7 қызметкер, 2 бірлік техника және республикалық жедел құтқару жасағынан 7 қызметкер, 1 бірлік техника, 1 кинология жұмылдырылды.

Шар ішінде қалып кеткен ұшыруды үйрететін нұсқаушының өзі екені анықталды. Басқару және өзін-өзі құтқару дағдыларының арқасында ол төбеге өздігінен қонды. Талғар қаласының мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері "Солдатсай" шатқалынан нұсқаушыны тауып, оны қауіпсіз жерге жеткізді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"