ПАНФИЛОВ АУДАНЫНДА АВТОКӨЛІК АУДАРЫЛЫП, ҮШ ЖАСӨСПІРІМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 04.01.2022
Оқылды: 1323
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Панфилов ауданында жол апатынан үш жасөспірім көз жұмды. Назар аударар мәселе - көлік тізгінінде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім отырған. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі түнгі сағат 22.20-да Панфилов ауданындағы Әулиеағаш ауылының маңында Nissan Cefiro көлігінің қатысуымен жол апаты болғанын растады.

- Көлікті Көктал ауылының 15 жастағы тұрғыны басқарған. Көлік Көктал-Әулиеағаш тас жолында аударылған. Оқиға орнында жүргізуші мен 14-15 жастағы екі жолаушы қаза тапты. Тағы екі жасөспірім түрлі жарақаттармен Панфилов аудандық ауруханасына жатқызылды, - деп хабарлады полиция өкілдері.

Жол апаты дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен іс қозғалды. Кәмелетке толмаған жүргізушіге рұқсат берген көлік иесіне қатысты да Қылмыстық кодекстің 349-бабы, 4-бөлігі бойынша айып тағылды. Бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"