БІРЕГЕЙ ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 27.11.2023
Оқылды: 634
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көксу ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Батыржан Оңғаров атындағы стадионның футбол алаңы салтанатты түрде ашылды. Мерекелік шараға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ арнайы қатысып, көксулықтарды айтулы күнмен құттықтады.

 «Қазақстан футбол Федерациясы» Ассоциациясы Батыржан Оңғаров атындағы стадионның футбол алаңына жаңарту  жұмыстарын жүргізуді қайырымдылық келісім-шарты арқылы жасады. Нәтижесінде 197 миллион 823614,9 теңге қаражатқа заман талабына футбол алаңы көксулықтардың қолданысына берілді.

Көксулықтарды арнайы құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев жастардың спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне барынша жағдай жасалғанын айтты.

 – Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионының футбол алаңы жаңарған, жаңғырған кейіпте пайдалануға беріліп жатқаны бәріміздің ортақ қуанышымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, оған мейлінше көңіл бөлу турасында алдымызға үлкен міндет жүктеген болатын. Сол міндетті мінсіз атқаруда біршама жұмыс жүргізіліп келеді. Биыл 14 спорт нысанының құрылысы үшін облыс бюджетінен 8,1 миллиард теңге бөлінді. Соның 6-уы пайдалануға берілді. Атап айтқанда, бұлар – спорт кешендері, күрес залы, орталық стадион сияқты маңызды нысандар. Осындай қолдаулардың арқасында осы ауданнан да күні ертең есімін әлем білетін Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Мәулен Мамыров, Нұрбақыт Теңізбаев, Асхат Жіткеев, Айдын Смағұловтардың, Жәнібек Әлімханұлы сияқты ел мақтаныштары шығатынына сенімдімін. Өңіріміздегі басқа да спорт түрлеріне меценаттар мен кәсіпкерлер де қолдау көрсетуде. Мысалы, жыл соңына дейін «Жетісу» кәсіпқой волейбол клубының спортшыларына арналған 4 қабатты тұрғын үй ғимаратының, келесі жылы үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталады. Қайта жаңғырған орталық стадион көптің игілігіне жарап, жастарды жігерлендіріп, спортта биіктерге талпындыра берсін,деген облыс басшысы федерация басшылығына жетісулықтардың атынан ризашылығын білдірді.

Футбол федерациясының  президенті Әділет Барменқұлов жерлестерін қуанышты күнмен құттықтап, ақ тілегін арнады. Бұқаралық спортқа көңіл бөлуді басты мақсаты санаған ол алдағы 3 жылда дәл осындай футбол алаңы еліміздің 20 қаласында және 50 ауданында салынатынын айтты.

 Қазақстанның ұлттық құрама командасының бас бапкері Магомед Адиев нағыз спортшылар ауылды жерден шығатынын тілге тиек етіп, бұқаралық спорттың артуына қолдау білдірген Мемлекет басшысына, облыс әкіміне алғысын жеткізді. Ал жобаның бас демеушісі Кирилл Милички «Алан» жобасы бойынша жаңарған стадионды халық игілігіне пайдалансын деген ойымен бөлісіп, көксулықтарды құттықтады.

Жауапты мамандардың айтуынша, футбол алаңының ескі жабыны мен төселген топырағы толығымен алынған. Мердігер өз жұмысшыларын, техникасын пайдаланып ең бірінші ірі тас, геотекстильдер, қиыршық тас төсеп, кейін сұрыпталған таспен жапқаннан кейін ғана жасанды жабын төсеген. Оның үстіне ұсақталған кварц құмын, ұсақталған құм шайырын арнайы жапқан. Техникалық талаптарға сай су ағарлар салған. Мұндай жұмыстың барлығы спортшылардың қауіпсіздігі үшін жасалған. Жасанды жабынмен жаңартылған футбол алаңы халықаралық талаптарға сәйкес барлық құралмен жабдықталған. Болашақта түрлі жаттығуды, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарды жоғары деңгейде  өткізуге дайын.

Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы мен футбол федерациясының  президенті Әділет Назарбайұлы салтанатты түрде лента қиып, алғашқы доп теуіп, ойынды бастап берді. Салтанатты шараға жиналған көпшілік жаңа алаңда «Жетісу» мен Көксу ауданының командасының жолдастық ойынын тамашалады.

Еңлік КЕНЕБАЙ,

Көксу ауданы