Нақты міндет жүктеді

Уақыты: 28.11.2023
Оқылды: 524
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елімізде агроөнеркәсіп кешенінде атқарылатын жұмыс біршама. Десе де бұл салаға нақты серпіліс қажет екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда нақтылап айтты. 

Несібесін қасиетті қара жерден тауып отырған шаруа иелері үшін Жолдауда тың дүние көп айтылды. Мемлекет басшысы: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауылшаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы» екенін нақтылап айтты. Демек, біз, шаруа иелері сапалы азық-түлік өнімдерін өндіруде біршама кенжелеп қалғанымызды мойындауымыз керек. Отандық өнімнің сапасына көңіл бөліп, сол өнімнің артуы үшін барлық мүмкіндікті кеңінен қолдануды қолға алсақ, әлеуеті зор ауылшаруашылық саласының тасы өрге домалайтыны заңдылық.  

Президент Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу екенін айтты. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ең бірінші өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу қажеттігін алға тартты. Бүгінгі күннің нақты талап-тілегі де осы. «Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ, өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек», – деді Мемлекет басшысы. Президент ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты келешегі зор бағыттарға басымдық беру керегін жеткізді. Біз де шаруалар атынан Президент айтқан бар мүмкіндікті пайдаланып, ауылшаруашылығы саласының дамуына барынша үлес қосуға дайын екендігімізді жеткізгіміз келеді.

Қуатбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, 
«Елубаев К.С.» шаруа қожалығының басшысы
Сарқан ауданы