ТАУ БӨКТЕРІНДЕГІ ТҰЛПАР МҮСІНІ

Уақыты: 28.11.2023
Оқылды: 488
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сонау 1961 жылы аламан бәйгеде Орта Азияның чемпионы болған, 120 тұлпарды артқа тастап, қазақ жылқысының мықтылығын дәлелдеген арғымақ «Түймебастың» атағы әлі де ел есінде. Бапкері Қызылту ауылынан шыққан Көпжасар ақсақал болса, бәйгеге шапқан шабандоз бала Тұрлыбек екен.

Тұлпар мүсінін орнату идеясы қолдау тауып, мүсінге конкурс жарияланған болатын. Сол конкурста қызылтулық архитектор Думан Жаханұлының жобасы жеңімпаз деп танылғаны ел есінде. Міне, араға бір-екі жыл салып  Ақсу жұрты сол тұлпар мүсінін орнатты.

Ескерткіштің ашылу салтанатында игі істің бастамашысы аудандық «Бөрібай қорының» құрылтайшысы Берікбол Қасымов, Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Қарасай батыр» қорының құрылтайшысы, мүсіннің бас демеушілерінің бірі Серік Бакишев, тұлпардың сол бәйгеге қосылуына демеушілік жасаған Нұрмолда ақсақалдың қызы Рабиға Алдабергенова, самбо саңлағы, Ақсу ауданының Құрметті азаматы, демеуші Нұрбай Жармұхамедов көпшілікке лебіз білдіріп, сөз сөйлесе, «Түймебас» поэмасының авторы Ербол Оразбеков арнау өлең оқыды.

Ескерткіштің ашылуына себепкер болған, демеушілік көрсеткен бір топ азаматқа шапан жауып, аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Аудан әжелері мен өнерпаздары ән-жырдан  шашу шашып, ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаев бата берді.

"Жетісу-Ақпарат"