ТІЛ – ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ

Уақыты: 28.11.2023
Оқылды: 626
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Болашағын жарқын еткісі келген мемлекеттің ұлттық санасы берік те мықты болуы керек. Оның негізгі элементі тілдік сана. Бүгінгі қазақ тілінің жай-күйі бәрімізді толғандыруы тиіс. Бұл туралы «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы аясында айрықша айтылды.

«Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасының кезекті дәріскері А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова Талдықорған қаласындағы №2 орта мектебінің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, «Қазақ тіл білімі» тақырыбында әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, «Қазақ тілі қандай тіл, оның ертеңі қалай болмақ?»  деген сауал төңірегінде жауап берді.

– Бұл күнде «Қазақ тілінің болашағы бар ма?» деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Бір өкініштісі, лингвистикалық қарапайым тілдік білімдеріміз әлі де дамымай жатыр, – деген Анар Мұратқызы мәселенің маңыздылығын түсіндіріп өтті. – Біз бүгінде қазақ тілінің коммуникациялық құрал ретіндегі қызметін ғана білеміз, яғни бірдеңені тіл арқылы орындатып, мақсатына жету жолы деп түсінеміз және солай қарап жүрміз. Шын мәнінде олай емес. «Тіл» деген ол сіздің болмысыңыз, сана-сезіміңіз, сұлулық туралы түсінігіңіз, адалдық пен адамгершілік жөніндегі ойыңыз, осының барлығы тілдің құрауларымен қалыптасады. Қай тілде сөйлесеңіз сол мәдениетке қызмет етесіз. Сондықтан Қазақстан деген мемлекеттің бар болуы үшін оны құрып отырған қазақ ұлтының тілі неден ақпар беретінінен хабардар болуымыз керек.

Кездесудің оқушыларға оң әсерін тигізгені айқын. Қазақ тіліне деген сезімдерін арттырып, түсініктерінің тереңдеткенін аңғартты. Тапжылмай тыңдап, реті келгенде сұрақтарын да қойды.

Жалпы бұл «Әдеп-қүқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы 20-шы рет ұйымдастырылып отыр. Бұған тәрбиенің таза шырынын ұсына алатын, қоғамда өзіндік салмағы бар тұлғалар шақырылады.

Аталған жоба Талдықорған қаласында пилоттық режимде 1 қыркүйектен бастап, облыс әкімінің идеясына сәйкес қоғамдық даму басқармасы жанынан жобалық кеңсе ретінде құрылған болатын.

Жоба бағыттарына байланысты алдағы уақытта мектеп парламентін, оқырмандар клубын, пікірсайыс қозғалысын құру, IT, стартаптар, КВН бойынша қалалық конкурстарды, спорттық турнирлерді, ұлттық, зияткерлік ойындарын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, кәсіптік бағдарлау жұмыстары мақсатында еліміздің үздік жоғары оқу орындарына экскурсиялар өткізілмек.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: gov.kz