Маман тапшылығы мәселесін шешудің тиімді жолы

Уақыты: 01.12.2023
Оқылды: 822
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы Жетісу облысындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге жәрдемдесіп келеді, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, бір ғана Алакөл ауданына соңғы екі жылда 70 жас маман жұмыс істеуге келген. Бұл тұрақты жалақы мен көтерме жәрдемақыға қол жеткізуге, жеке баспана сатып алуға мүмкіндік береді. «Жеке өмірге аяқ басқанда жас мамандар үшін бұл – үлкен қолдау», - дейді Назерке Боранғазинова. Педагогикалық жоғары оқу орнының түлегі 2021 жылдан ауыл мектебінде биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей бастады.

Назерке Зекенқызы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы студент кезінде-ақ естіп білген. Ол І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетін аяқтаған соң бағдарламаға қатысуға өтініш бергенін, туған өңірі Алакөл ауданынан жұмыс табылғанын айтады.  

- Оқуды бітіре сала жұмысқа тұру қиын. Дегенмен осы бағдарламаның арқасында мұндай қиындыққа кезіккен жоқпын. Бескөл ауылдық округіндегі Д. Қонаев атындағы орта мектепке биология пәнінің мұғалімі болып орналастым. Сөйтіп өзімнің сүйікті мамандығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік алдым, - дейді жас маман.

Атап өтсек, биылдың өзінде Жетісу облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында несие беруге республикалық бюджеттен 1,1 млрд.теңге, көтерме жәрдемақы үшін жергілікті бюджеттен 162 млн. теңге бөлінді. 2023 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша бағдарлама шеңберінде 161 адам 827,8 млн. теңгеге несие, 319 адам 110 млн. теңгеге көтерме жәрдемақы алды.

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy