Ұрпақ үшін қызмет етеміз

Уақыты: 02.12.2023
Оқылды: 908
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы көп сала бойынша өркендеудің бағытын айқындады. Білім, экономика, демография сынды негізгі салалар бойынша бағдары мен идесы ұсынылған Жолдауда білім саласына ерекше назар аудару керектігі айтылды.

«Білім саласы – ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды», – деген Мемлекет басшысы білім саласындағы олқылықтар мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды жүйелеп айтты. Біздің еңселі ел болуымыз, дамыған, озық мемлекеттер қатарынан ойып орын алуымыз тікелей білімді ұрпақтың қолында екенін ұмытпағанымыз жөн.

Сапалы білім алған елдің болашағы жарқын, келешегі кемел болатыны заңдылық. Қазіргі таңда жалпыға қолжетімді білімді бәріне бірдей беру үшін ғаламтор желісінің жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары қолжетімді болуы нәтижелі жұмыстың кепілі екендігін Мемлекет басшысы нақтылап өтті. Демек, бүгінгідей ақпарат пен жаңа технологияның дамыған уақытында біз балаларға жан-жақты білім беруде жаңашылдыққа баса назар аударғанымыз жөн.

Жолдауда балалардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы: «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», – деген болатын. Ендігі біздің міндет – еліміздің салауатты, саналы, білімді де білікті ұрпақ санын арттыру.

Шолпан НҰРҒАЗИНОВА,
Мұсабек атындағы мектеп жанындағы шағын орталығы бар
орта мектеп директоры

Көксу ауданы