ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ЗАРДАБЫ

Уақыты: 03.12.2023
Оқылды: 609
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазір кез келген порталды ашып қарасақ, тек зорлық-зомбылықпен басталатын жаңалықты оқимыз. Бұл қазіргі заманның үлкен қасіреті десек қате айтқанымыз емес. Бейбіт өмірді сүріп жүріп, адам сенгісіз түрлі ақпараттарды оқып, жаға ұстаудамыз.         

Елімізде сұмдық жайттар орын алуда. Соның бірі осы зорлық-зомбылық, тұрмыстық зорлық пен қорлық. Аты жаман әдеттен немесе ессіздіктен қашан және қалай арыламыз? Бүгінгі ата-аналар балаларының болашағына алаңдаулы. Өйткені адам өлтіруге дейін барып жатқан зұлымдар туралы да естіп жүрміз. Оған себеп есірген еркектер мен педофилдердің көбеюі.

Ең сорақысы, азғындардың нәпсілеріне ерік беріп, бұғанасы енді ғана қатайып келе жатқан балалардың өміріне балта шауып жатқанын естігенде жан түршігеді. Шындығында мұндай жауыздыққа тек есі ауысқандардың немесе өз-өзіне жауап бере алмайтын зинақорлардың ғана шамасы келеді. Өрімдей жастардың өміріне қол сұғу қазірде педофилдердің ермегіне айналғандай. Олар өзінің жан қалауын орындағаннан кейін түк болмағандай тайраңдап жүреді. Ал қорланған баланың өмірге деген көзқарасының бұзылуына, болашағының жарқын болу, болмауына кім кепіл? Мұндай ессіздіктің алдын қатаң заңмен ғана ала аламыз.

Жақында ғана өңірде болған оқиғаларды естіп көптің санасында сауалдар көбейді. «Әйелдердің құқығы неге қорғалмайды? Балалар неге қорқынышпен өмір сүру керек? Қыздар бітіп, ұлдарға жеткен бе?» деген  сан сауал көптің көкейінде жүр. Шынында қазір зорлау деген сөзге етіміз үйреніп қалғаннан ба, бұрынғыдай таңғалмайтын болдық. Елімізде түрлі сұмдық жаңалықтар болуда. Екі арнаның бірін ашсаң міндетті түрде «зорлады, қорлады, адам өлтірді» деген сұмдық жаңалықты көреміз. Мұны адами құндылықтан арылып, ар-ұятты ұмытқанымыз ба дерсіз. Расында соңғы 2-3 жылда елімізде сан түрлі жайттар болды. Соның бірі, 2021 жылы асқан қатыгездікпен өлім құшқан Аяжан Еділованың қазасы барлық қазақстандыққа мәлім. Небәрі 19 жасар қызды зорлап, әр денесін бөлшектеп өлтірген зұлымға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ең қызығы қылмыскер дәрігер-хирург болып жұмыс істеген. Түркістандағы 5 жасар қызды көршісі жыныстық нәпсіқұмарлығын қандыру үшін зорлап, кейін сол қылмысын жасыру мақсатта пышақтап өлтірген. Осындай сұмдық жаңалықты оқып, адам баласы тек қорқынышпен өмір сүретіні рас. Көктемде Достық кентінде өз досының 13 жасар қарындасын зорламақ болған арсызды 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілген. Таяуда Сарқандағы мұғалімнің оқушы ер баланы зорламаққа ұмтылғаны дүйім жұртты шулатты. Биыл ғана  облысымызда іске асып жатқан менторлық жобаның мақсаты ­– зорлық-зомбылық көргендерге көмек көрсетіп, демеу болу. Ал біз сенім артып отырған ұлағатты ұстаздардың болмысы осы болса, басқаға айтар өкпеміз жоқ. Тағы бір дерек құзырлы орган қызметкерінің қыз зорлау дерегі бойынша күдікке ілінуі. Өз құқығын қорғау үшін уәкілетті органға барып көмек сұрайтын жәбірленуші енді кімге сенеді?! Кім болса да адамның арын таптап,  тәніне қол сұғушыларды қатаң жазаға алу керек. Әйтпесе, зорлаушылар мен қорлаушылардың саны азаяр емес. Жоғарыда отырған ағасы мен көкелеріне сенген арсыздардың жолын жабу қажет.

Елдегі өзекті әрі қасіретті жағдайлардың бірі – өз жақындарының қолынан зорлық көру. Биылғы жылдың өзінде елде 25 бала ет жақындарының зорлығынан қаза тапқан. Өзіңіз ойлаңызшы, балаға ет жақындары ағасы, көршісі, тіпті, әкесі қауіпті болған. Бұл не сұмдық, заманақыр дерсіз?! Алайда, жылды осындай статистикамен қорытындылап отырмыз. Өзінің қызына әкелік, қарындасына ағалық қамқорлық көрсетудің орнына қитұрқы әрекетін іске асыратын дүбәрәлар елімізде жетіп артылады. Бүгінде әлеужеліде өз басынан өткен келеңсіз жайттар мен жақындарынан көрген қорлықты жасырын атаумен бөлісетін парақшалар бар. Көбінесе қыздардың жақын ағаларынан, өгей әкесінен, тіпті келіндер қайын ағалары мен атасынан көрген қорлықтарын жазғанда адамның денесі тітіркенеді. Адамның ниетінің бұзылуы, сана-сезімінің төмендігінің кесірінен көптеген қаракөздердің өмірі қыршыннан кетуде. Осының салдарынан ерте жүктілік сынды өзекті мәселелер пайда болады. Ондай психологиялық бұзылысқа тап болғандар өз болашағынан үміт күтпейді. Оларға айнала қап-қара түнек тәріздес болып қалады. Жақындарының қолдау сөзі оларға тастай бататыны да рас.  Олардың ішкі жан дүниесіне үңіле  алмаған ата-ана да бұл жайтқа кінәлі болмақ.

Жасөспірім қыздардың әлеуметтік желідегі парақшасын да байқап тұрғанымыз абзал. Оларға артық шектеу қоймай, қарапайым тілде түсіндіру қажет. Көбіне шектеумен қорқып өскен балалар бірінші кезекте зорлаушылардың құрбаны болып, өмірдің әділетсіз сынағына ұшырайды. Өйткені, зорлықтың алды ғаламтор желісіндегі таныстықтан бастау алады. Алдымен өзін жақсы қырынан таныстырып, енді ғана бой жетіп келе жатқан қызды майда тілімен өз арбауына түсіріп, кейін жаман ойын іске асыруға көндіретіндерді бір сөзбен маньяк деуге келеді. Мұндай қаскөйлерді діттеген мақсатына жеткізбес үшін отбасындағы қарым-қатынасты нығайтып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.

Қазақ ар мен намысты, ұятты  биік ұстаған халық. Соған қарамастан ұят пен намыстың арқасында көптеген қыздардың айтылмаған сырлары іштерінде қалып қояды. Сондай жағдайдың алдын алу үшін анасы қызымен қашанда ашық сөйлесіп, сырласып отыруы маңызды. Сонымен қатар, баланы бөтен адамдардың, яғни көршіге немесе алыс туысқандардың үйіне жалғыз жібермеу керек. Қазіргі қаршадай қыздың болашақ ана екенін естен шығармағанымыз жөн. Сонда ғана сау анадан дені сау ұрпақ өмірге келіп, салауатты ел құруға атсалысарымыз анық.

А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ
Фото: qyzylqoga.kz