Нақты шешім қабылданды

Уақыты: 02.12.2023
Оқылды: 870
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында Жетісу облыстық мәслихатының индустриялды-инновациялық, көліктік-логистикалық даму, кіші және орта бизнесті қолдау, туризм мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Онда ҚР индустриялық-инновациялық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысындағы, шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудағы орын алған мәселелер мен оны шешу жолдары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу жайы қарастырылды.

Комиссия отырысын облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева жүргізіп, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық- инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытнұр Бақытұлы, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Маратұлы, тағы да басқа сала мамандары атқарылған жұмыстардан баяндама жасады.  

Баяндамашылардың айтуынша, биылғы жылдың 10 айында облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 253,5 млрд. теңгені құрапты. Бұл өңдеу өнеркәсібі көлемінің ұлғаюына байланысты орын алған. Жалпы, өңдеу секторының үлесі өнеркәсіп өндірісінің 80 пайызын құрады. Нақтылап айтар болсақ, Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 46 пайызға, еңбек өнімділігін арттыру есебінен өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының таза табысы 15 пайызға өсіпті. Бұл барыста инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың жетістіктерін де айта кеткен жөн. Биыл 678 жұмыс орнын құрумен 59,4 млрд. теңгеге 44 жобаны іске асыру жоспарланса, қазір 412 жұмыс орны құрылып, 19,2 млрд. теңгеге 24 жоба іске асырылыпты. Сонымен қатар, жыл басынан бастап 6 жаңа өндіріс іске қосылып, 3 жұмыс істеп тұрған өндіріс кеңейтілген. Бұдан басқа, Бірыңғай Индустрияландыру картасына жалпы құны 10,4 млрд. теңге құрайтын 4 жоба енгізіліп, 458 жұмыс орны ашу жоспарлануда. Осыған орай, негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі өсіп, жыл басынан 240,7 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. 

Осылайша, 2024 жылы өнеркәсіп көлемін 363 млрд. теңгеге дейін, инвестиция көлемін 370 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқаратыны анық. Мәселен, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде шамамен 7,1 млрд. Теңге бөлінді. Биыл  кредиттік сомасы 15,3 млрд. теңгеге 339 жоба мақұлданып, оның ішінде 196 жоба субсидияланса, 139 жобаға кепілдік берілді және 4 нысанғаинженерлік инфрақұрылым тартылыпты. Сондай-ақ, қазіргі уақытта мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жыл басынан 74,9 млн. теңге бөлініп, 333 өтінім қабылданған.

Бүгінгі таңда облыста 59 мыңнан аса шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Жартыжылдықта өнім мен көрсетілген қызметтер көлемі 362,6 млрд. теңгені құраған. Басқарма азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша да өнімді жұмыс істеп келеді. Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандырудың 2 тетігін іске асыруға бюджеттен 5,9 млрд. теңге, оның ішінде тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 1,2 млрд. теңге және кәсіпкерлік субъектілеріне, атап айтқанда тауар өндірушілерге жеңілдікпен несие беру үшін 4,7 млрд. теңге бөлінген. Жетісу облысының тұрақтандыру қорына ҚР Үкіметінің резервінен 1,0 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 180,0 млн. теңге бөлінсе, қазір, 1,4 млрд.теңге сомасына 4,1 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуге шарттар жасалған. Бүгінде тұрақтандыру қорында 3 976,6 тонна бұрын сатып алынған тауарлар бар. Қысақсы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жалғасуда.

Комиссия отырысында көтерілген мәселе депутаттар тарапынан жан-жақты қаралып, тиісті шешім қабылданды.

Қажет АНДАС