ДЕПУТАТТАР ҚАН ТАПСЫРДЫ

Уақыты: 02.12.2023
Оқылды: 960
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Мәслихаттарының құрылғанына 30 жылдығы қарсаңында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары Талдықорған қаласындағы облыстық қан орталығына келіп, қан тапсырды.

Кербұлақ аудандық мәслихатының бастамасымен өтіп жатқан  «Өзгеге өмір сыйла» донорлық қан тапсыру акциясы бір ай бойы жалғасады. Мақсаты – осындай шара арқылы ұжымдық белсенділікті арттыру және қанға мұқтаж жандарға көмек көрсету. Алдағы бір ай ішінде облыстың  барлық деңгейдегі 168 депутаты аталған акцияға атсалысатын болады.

Шараның алғашқы күні облыстық мәслихаты төрағасы Гүлнар Тойлыбаева бастаған облыстық депутаттар да қан тапсырды. Халық қалаулылары  бір айға жалғасатын акцияға  жора-жолдастары мен таныстарын да шақырып, адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау екендігін айтуда.

– Аймағымыздағы депутаттар өзгеге өмір сыйлап, науқастанып жатқан азаматтарға көмек көрсету үшін қан тапсыруда. Донорлық қан – бұл жоспарлы емдеу кезінде де, шұғыл көмек көрсету кезінде де құнды ресурс. Оның арқасында қауіпті патологиясы бар адамдар ұзақ өмір сүре алады және өмір сүру сапасы жоғары болады. Сондықтан барша жетісулықтарды «Өзгеге өмір сыйла» бір айлық акциясы аясында ерікті түрде донор болуға шақырамыз, – деді Гүлнар Қожағұлқызы.

Айдар ҚАЛИЕВ