Жетісуда екі мыңға жуық бала инклюзивті оқытумен қамтылған

Уақыты: 01.12.2023
Оқылды: 1068
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсететін 18 мекеме бар. Соның ішінде арнаулы интернаттар, облыстық педагогикалық-психологиялық консультациялар, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері қызмет көрсетеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кез келген бала өз қатарластарымен бірдей білім алып, тең мүмкіндіктерді пайдалануға құқылы. Дегенмен денсаулық жағдайына байланысты бұл оларға көбіне қиынға соғып жатады. Бұл ретте облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, жалпы білім беретін мектептерде 203 педагог-дефектолог, 165 логопед, 1 тифлопедагог, 108 педагог-ассистент  жұмыс істейді. Биыл Көксу ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылған. Сол сияқты Панфилов ауданы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте, Талдықорғандағы Ушинский атындағы №7, №27 орта мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп базасында ресурстық кабинет ашылды.

Мәселен, Талдықорғандағы № 7 мектепте қазір инклюзивтік біліммен 10 бала қамтылып отыр. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бахтихан Сейітованың айтуынша, бұл балалардың аутизм және психикалық дамуы тежелген деген диагноздары бар. «Біздің мектепте он балаға арналған инклюзияны қолдау кабинеті 2019 жылдың қыркүйегінде ашылды. Осы үш жылдың ішінде 10 баланың 3-еуін қоғамдық ортаға бейімдеп, өз бетімен оқи алатын деңгейге жеткізіп шығардық. Қазір де 10 бала инклюзивті білім алып жүр. Олар сыныпта басқа балалармен бірге отырып оқиды. Әрқайсының жанында бір-бір педагог-ассистент болады, яғни бізде 10 педагог-ассистент маман жұмыс істейді. Мұндай балалар Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысына сәйкес  ұсынылған бағдарламамен оқытылады. Әрине, бұл іске алғаш кіріскенде ата-аналар тарапынан да, оқушылар тарапынан да, тіпті мұғалімдердің арасында да қарсылық болды. Дегенмен осы үш жылдың ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларды ортаға бейімдеу және сыныптастарының оларды қалыпты қабылдай алуы жағынан едәуір ілгерілеушілік байқалады. Яғни инклюзивті білім берудің тиімділігін уақыттың өзі көретіп отыр», - дейді Б. Сейітова.

Жалпы инклюзияны қолдау кабинеттері жұмысының тиімділігін ескере отырып, облыста білім басқармасының жол картасына сәйкес 2024 жылы тағы 2 кабинет ашу жоспарланып отыр.  

Атап өтсек, Жетісу облысында ерекше білім беру қажеттігі бар 7072 бала бар, соның 1709-ы мүгедектігі бар балалар. Бүгінде 1896 бала мемлекеттік балабақшаларда, мектептер мен колледждерде инклюзивті білім берумен қамтылып отыр. 

Фото: gov.kz