Цифрлық дәуір басталды

Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 1538
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясында «Қазіргі білім беру: әдістеме, технология, сапа» атты  III халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
Бүгінде инклюзивті білімді енгізу Қазақстан Республикасы білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Инклюзивті білімді енгізудің негізгі міндеттері 2011-2020 ж.ж. арналған ҚР Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасында белгіленген. Инклюзивті білім әртүрлі қажеттіліктеріне, денсаулық ақаулары және басқа мәселелеріне қарамастан, әрбір балаға өз әлеуеті мен білім алу құқығын іске асыруға мүмкіндік береді.
Ғылыми конференция екі секция бағытында өтті. Басында заманауи білім берудегі өзекті мәселелері талқыланса, артынан пәндерді оқытудың әдістемесін жетілдіру және педагогика-психологиялық  аспектілер турасында баяндамалар оқылды.
Алдымен құттықтау сөзді заң ғылымдарының кандидаты, Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясының ректоры Виталий Вячеславович сөйледі.
– Құрметті білім саласының үздік ұстаздары! Сіздермен осынау қара шаңырақта жолыққанымызға өте қуаныштымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауында қазіргі білім саласының маңыздылығына жіті тоқталды. Технологияның кеңістігіне енген әлем елдерінің межесі айқын. Біздің бұл салада кенжелеп келе жатқанымыз көңілге көлеңке ұялатады. Жоғары оқу орындарында өндiрiстiк үлгiдегі бiлiмнiң жаңа парадигмасын жетiлдiріп, технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалансақ, инновациялық сипатқа ие болармыз. Қазіргі уақытта IT және инжинирингтік қызмет көрсету қоғамда үлкен сұранысқа ие. Күллі ғаламшар біртіндеп цифрлық дәуірге аяқ басып келе жатқандай. Сол себепті сапалы білім көрсетуге тиіспіз, – деді.
Алыстан келген  пленарлық мәжіліс қонақтары өз ретімен әлемдік оқу үрдісіндегі маңызды мәселелерді ортаға салды. Атап айтсақ, Алтай мемлекеттік университетінің  2- курс студенті Наталья Евгеньевна «The influence of the quality of education on the culture of offenders» атты баяндамасында оқушының мәдениетін қалай жетілдіру керектігін айтса, Қырғыз мемлекеттік дене тәрбиесі мен спорт академиясы тілдер кафедрасының оқытушысы Уркуя Тәжібаева мектеп оқушыларының рухани өрісін поэзиямен өрнектеудің тиімді тәсілдерін ұсынды. Ресей елінің өкілі, Қаржы университетінің шет тілі кафедрасының меңгерушісі Елена Петровна жоғары сынып оқушыларының мамандық таңдауда қателеспеу керектігін тілге тиек етті. Ал, Алматы облыстық әдістемелік кабинеттің шет тілі пәндерінің әдіскері Ермек Немеребаев «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында пәндерді оқытудағы өзектілік» атты ғылыми мақаласында жаңартылған бағдарламаның болашаққа тигізер пайдасына үңілді.
Конференцияға қатысушылар қазіргі білім беру жүйесіндегі түйткілдерді шешудің тиімді жолдары турасында арнайы дайындап әкелген жұмыстарын ұсынды. Шара соңында ұсынылған жұмыстар бойынша академия ректоры жеңімпаздарды марапаттап, сертификаттар табыстады. 

Қабыл ИСА