ҰСТАЗДЫҚ - ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ

Уақыты: 05.02.2018
Оқылды: 1497
Бөлім: КҮНДЕРЕК

     Нағыз ұстаз болу әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін бақыт. Шәкірт тәрбиелеуде мұғалімдер өзіне жүктелген жұмыс пен жауапкершілікті сезіне алу, оны мінсіз атқару бағытында жемісті еңбек еткенімен, ұлағатты ұстаз атану әркімнің қолынан келе бермесі анық.


    «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, бұл қиыншылығы мен қызығы көп мамандық атаулының ұлысы. 
     Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білікті, өз мамандығына берілген кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі Талдықорған қаласындағы «Білім» гуманитарлы-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Рима Макенова.
     Жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Рима Советханқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол ұлағатты ұстаз ғана емес, білікті тәрбиеші, абзал ана, аяулы әпке, жанашыр дос, арда ақылшы десек артық болмас. Рима Советханқызы өз өмірін болашақ буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген, ата-анамен тіл табысып қана қоймай, олармен туысындай қарым-қатынаста бола білген ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге. Қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден ерек. Оның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық. Міне, осындай ұстаздан біздің балалар білім, үлгі-өнеге, тәрбие алып, оның айтқан әрбір ақылын, мәнерлі сөздерін саналарына сіңіріп келеді.
     Қазақтың әйгілі жазушысы  Ғ. Мүсірепов «Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім» демекші, Рима Советханқызы ата-анадан жырақта жүрген студент жастарға оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқоршысы. Сондықтан да, Рима Советханқызына айтылар алғысымыз көл-көсір.

«Білім» гуманитарлы-техникалық колледжінің 
ата-аналары
Талдықорған