БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ

Уақыты: 05.02.2018
Оқылды: 1698
Бөлім: КҮНДЕРЕК

     «Қуанса, бала қуансын». Бұл – «Айналайын» балалар үйінің бүлдіршіндеріне арналған шараның басты ұраны. Осы орайда Жастарға қызмет көрсету орталығында «Жайдарлы Жетісу» атты қайырымдылық концерті өтті.


      Балалардың жүздеріне күлкі сыйлауға асыққан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының қызметкерлері өнерлерін ортаға салды. Шараның көркін қыздыру үшін арнайы келген «Креатив» жайдарман тобы балаларды әбден күлкіге қарық қылды.  
     Негізгі шараның мақсаты – «Айналайын» балалар үйі тәрбиеленушілерінің көңіл-күйін көтеру, «Жайдарлы Жетісу» атты концерт арқылы өмірге деген құлшыныстарын арттыру, өз-өзіне деген сенімдерін нығайту, жастардың жүрегіндегі мейірімділікті ояту, бос уақыттарын тиімді пайдалану.
     Алдымен сөз тізгінін облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Бақтияр Жақсыкелдинов алды.
– Құрметті балалар! Еш уақытта мұңаймаңдар. Бүгін сіздерге әзірлеген базарлығымыз бар. Әсем ән мен тәтті күйге бөлеп, жандарыңа шуақ сыйлауға тырысамыз. Әр күндерің бүгінгідей қуанышқа толы болсын! Жанарларыңнан күлкі кетпесін – деді ол.
      Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері әртүрлі аспапта ойнап, попури орындады. Қызықты әңгімелер өрбітіп, жұмбақтардың шешімін тапқан балалармен қосылып би биледі. Сондай өнерлі балалардың бірі 9-сынып оқушысы Дима Рыльков: «Менің қуанышымда шек жоқ. Концерт өте қызықты өтіп жатыр. Әсіресе, жігіттердің әзілдері көңілімнен шықты. Осындай күлкіге толы шаралар жиі өтіп тұрса күшті болар еді», – деді.        Ұйымдастырушылар алдағы уақытта дәстүрлі түрде бұдан да қызықты етіп өткізетіндерін жеткізді. Балалардың тағдырлары қиыншылыққа толы болса да, өмірлерін әрдайым шуаққа толтыруға күш салатындарына уәде етті.
 
Мұхтар КҮМІСБЕК.