ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ КӨПТЕП АШЫЛАДЫ

Уақыты: 05.02.2018
Оқылды: 1829
Бөлім: КҮНДЕРЕК

     Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев жұртшылық алдында есеп берді. Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов қатысып, Жетісу жерінде жасалып жатқан ауқымды істер жайында хабарлама жасады.


      Жиынға келген аудан жұртшылығы алдымен Мәдениет үйінің кең дәлізінде жағалай орналасқан өнеркәсіп өнімдерінің көрмесімен танысты. Бұл көрмеге аудан аумағында жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындары өздері өндірген тауарларды қойған.  Солардың қатарында «Алматы өнімдері» кондитерлік фабрикасы, Қазақстандағы тері өңдейтін ең ірі «Almaty Tannery» ЖШС-і, «Алматы стекло» шыны зауыты мен «Kelun – Kazpharm» фармацевтикалық және «Kagazy Recycling» қағаз шығару фабрикалары, «Тиккурила» лак және бояулар жасау өндірісі, «Isker kompany» құрылыс материалдарын жасау кәсіпорны, «Медеу коммерц» және бірқатар ауылшаруашылығы өнімдерін шығаратын  бірегей ұжымдар мен халыққа қызмет көрсететін мекемелер де бар. 
     Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Көшкінбаев күн тәртібі мен жұмыс регламентін бекітіп алғаннан кейін «Қарасай ауданының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2018 жылға міндеттері туралы» баяндама жасау үшін сөзді аудан әкімі Махаббат Бигелдиевке берді. Алқалы басқосуға жиналған жұртшылық баяндамадан бір жыл көлемінде ауданда атқарылған іргелі істер жайында кең көлемде мағлұмат алды. Ең алдымен, өткен жылғы есепті кездесулер кезінде айтылған 39 ұсыныс пен ескертулердің толығымен орындалғанын мәлімдеген Махаббат Сәдуақасұлы әр сала бойынша атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
      Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 209 млрд. 56 млн. теңгеге жетіп, облыстағы өндіріс көлемінің 27,9 пайызын құраса, ауылшаруашылығы өнімдері 45 млрд. 218 млн. теңгеге  көтерілген. Соның ішінде егін шаруашылығының көлемі 20,4 млрд. ал мал шаруашылығы өнімдері 24,8 млрд. теңгені құрады. «АгроИмпекс- Алатау» ЖШС-і екі гектар жерге құны 1 млрд. 400 млн. теңге болатын заманауи жылыжай кешенін тұрғызса, өткен жылдың желтоқсанында жылына 18 мың тонна металл конструкцияларын шығаратын «Қарасай машина өндіру зауыты» іске қосылды. Қомақты инвестицияның көмегімен көптеген кәсіпорынның технологиясы жаңартылып, бірқатар жаңа өндіріс орындары ашылуда. 
     Мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары бойынша жұмыстар жүргізіліп, жоспарланған 10 ауылшаруашылығы кооперативінің орнына 894 құрылымды біріктіретін 16 ірі кооперативтер құрылды.
Ауданда шағын және орта бизнеспен айналысатын 12 мың 142 субьект тіркелген.     
     Аудан әкімі бөлшек тауар айналымы, бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің орындалу барысына тоқталып, қол жеткен табыстардыда айтып өтті. Коммуналдық шаруашылық саласында ауыз су мен кәріз жүйелерін жөндеуге, жаңадан салуға басты назар аударылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша осы бағытта Шамалған, Жаңатұрмыс, Көкөзек, Абай ауылдарында біршама жұмыс атқарылмақ.
     Алматы қаласы іргесіндегі ауданның елді мекендерін абаттандыру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.     
     Құрылыс саласы бойынша аудандық әкімдіктің ғимаратын жөндеп, жапсаржай салуға, Алмалыбақ ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге, Керімбеков, Абай ауылдарындағы мектептерге жапсаржай тұрғызуға, Қарлығаш ықшам ауданының инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысын жүргізуге қомақты қаржы бөлінген. Жолдарды жөндеу бойынша үлкен жұмыстар атқарылып, бұл істер жылдан-жылға жақсарып келеді. Халықты жұмыспен қамту, білім және денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт салалары үнемі жетілдірілу үстінде. Үш ауысымды мектептерді жою мақсатында 2017 жылы 6 мың 300 орынды 7 мектеп және бір жапсаржай құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қаскелең қаласындағы аудандық кітапхананың күрделі жөндеу жұмыстарына 130 млн. 542 мың теңге, Шамалған ауылындағы өнер мектебінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 25 млн. теңге бөлініп отыр. Ауданда жұмыс істеп тұрған 194 спорттық нысанға қосымша Қаскелең қаласында «Дене шынықтыру-сауықтыру орталығы», Жалпақсай ауылында футбол алаңы жаңадан бой көтермек.  Құқықтық тәртіпті жақсарту, полицияның материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ілгерілеушілік байқалады.  
     Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын тереңнен талдап берген Махаббат Сәдуақасұлы облыс басшысы Амандық Баталовқа қарасайлықтардың ыстық ықыласын жеткізіп, ауданның өсуі мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан барша қауымға сәттілік тіледі.
    Осыдан кейін жарыссөзге шыққан қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі,  Алматы облысы және Қарасай ауданының Құрметті азаматы Серік Кененбаев, «МОЛЛ Апорт» сауда – ойын-сауық орталығының директоры Тимур Мұхамеджанов, Белинский атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлбану Қалтөре, «Ахысқа» түрік этномәдени орталығының мүшесі Мансұр Милазов,  «Үшқоңыр» халықтық фольклорлы-этнографиялық ән-би ансамблінің жас әншісі Ақерке Құрбан, Жаңашамалған ауылдық округінің әкімі Ғалия Аманова, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Сағат Мәсімақынов өз салаларында қол жеткен табыстарына тоқталып, жекелеген ұсыныстарын  жеткізді. Ал, залдан шығып сөйлеген ауданның белсенді азаматы Серік Тортаев аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығы, БТИ және сәулет басқармасы саласында орын алып отырған олқылықтарды айтып, өз ойларын ортаға салды. Жарыссөзге шыққандардың барлығы да аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
     Осыдан кейін мінберге көтерілген Жеңіс Шылбынұлы Жетісуда жасалып жатқан игі жұмыстар жайлы баяндап,  ортақ табысқа қарасайлықтардың қосып отырған үлесін ерекше айтып өтті. Жекелеген кемшіліктерді де атап көрсетіп, оларды болдырмаудың жолдарына тоқталды.
      Жиын соңында кездесудің мәртебелі мейманы – «Президент және халық» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев 2017 жылдың қорытындысы бойынша  газет редакциясы мен «Уақыт таңдауы» агенттігі бірігіп өткізген жоба бойынша елдегі 177 ауданның ішінен «Жылдың үздік аудан әкімі» номинациясының жеңімпазы болып табылған  Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевке арнайы сертификатты салтанатты түрде табыс етті. Соңынан Махаббат Сәдуақасұлы жазбаша және ауызша қойылған сұрақтарға жауап беріп, айтылған сын-ескертпелердің орындалуын қадағалайтынын жеткізді.