Нақты тапсырма берілді

Уақыты: 28.03.2018
Оқылды: 1070
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ресейдің Кемерово қаласындағы ойын-сауық орталығының қызыл жалынға оранып, 64 адамның ажал құшқаны бүкіл әлемнің қабырғасын қайыстырды. Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов өңіріміздегі ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлеріндегі өрт қауіпсіздігі жайлы жиын өткізді.

Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары: «Бұл шара облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен өтуде. Ресейдегі оқиғаны естідіңіздер. Апат айтып келмейді. Облыс аумағында 3826 нысан бар. Оның елуі өрт орын алса қауіпті деңгейдегі нысан. Сондықтан өңірімізде төтенше жағдай орын алмас үшін  сауда үйлерінде өрттің алдын алу шараларын, әр нысанның иелеріне өрт қауіпсіздігі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ, ірі сауда үйлерінің маңындағы заңсыз салынған нысандарды азайту керек», – деп ескертті. 
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Юрий Чернышов: «Біз жыл сайын өңірдегі әр нысанға барып, өрт қауіпсіздігінің алдын алу шараларын жүргізіп, тексереміз. Жүргізілген тексеру барысында қуат пен жарық беретін электр тораптарын, өрт сөндіретін алғашқы құрал-жабдықтар мен автоматтық жүйелерді жіті қадағалаймыз. Мәселен, былтыр 40 ірі нысанның он сегізінде өрт қауіпсіздігінің талаптары сақталмаған. Оларға тиісті шаралар қолданылды. Сонымен қатар, азаматтық қорғаныс органдарымен бірлесе  сауда үйлері мен ойын-сауық кешендеріне барып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және өрттің туындау жағдайында не істеу керектігі жайлы тәжірибелік жаттығулар жүргізілді. Ендігі тексеріс осы жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған», – деді. 
Жиын соңында Лаззат Махатұлы мамандарға сауда үйлеріндегі қауіпсіздікті жіті бақылауда ұстап,  өрт сөндіргіш техникаларының сақадай сай тұруы керектігін айтты. Сондай-ақ, қауіпті нысандарды арнайы тексеру керектігін тілге тиек етіп, бірқатар тапсырмалар берді.

А. НАЗАРҰЛЫ