Қос қуаныш

Уақыты: 31.03.2018
Оқылды: 1094
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текті халықтың тарихына көз тіксең небір атпал азаматтардың елі үшін жан аямай еңбек еткенін көресің. Бұл дегенің ұлан-ғайыр даламыздың елім деп еңіреген ерлерге кенде болмағанын көрсетеді. Арамызда солардың сарқытына баланатын наркескен ойлы, көңілі кенен жандар қаншама?! Олар қазір де ұлттың айнасына телінеді. Солардың бірі де бірегейі Жетісу топырағының түлегі Бейсен Құранбек бауырымыз.

Тұйғын мінезді таланттардың қатары сиреп бара жатқанда осы азаматтың ұлт мүддесі үшін қызмет қылып жүргені көңіл қуантады. Ілкімді істерін сырттай бағдарлап, іштей сүйсініп отырамыз. Бұл біздің ғана бағамыз емес, күллі қазақ халқының берген бағасы. Телеарна ұжымы жақында ғана республикалық «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінде 2 аталым бойынша марапатталды. Қиындықпен келген дүниенің қиқымы да тәтті болады. Бейсен бауырымыз өзінің жеңісін жетісулықтардың жеңісі санап, әлеуметтік желіде ыстық ықыласын жолдады. Кеудеміздегі  қайнап тұрған қуаныш арнасынан асып, біз де бір марқайып қалдық. 
Алдымен  «Үздік әлеуметтік бағдарлама» аталымы бойынша «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Қарекет» жобасы үздік деп танылса, келесіде «Үздік өңірлік телеарна» аталымында «Жетісу» телеарнасы жеңіске жетіп, «Тұмар» жүлдесіне ие болды. Теледидардың алдында тақым қысып отырдық. Шара барысында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқыды. Бұл, облыс әкімі Амандық Баталов айтқандай, Жетісу жұртының мәртебесі асқақтап, Асанқайғы бабамыз сипаттаған «жер жаннатының» ауасымен тыныстаған әрбір азаматтың абыройы тасыған сәт болды. Көктемнің жайма-шуақ күнімен қатар келген қос қуаныштың әсерінен әлі күнге дейін арыла алмай жүрміз. Кеше ғана қаламыздың зәулім ғимараттарының сұлулығына тәнті еткен «О, Ләйлә» фильміне де продюсерлік етіп, жастарды бір қанаттандырып тастады.
 Соңымыздан еріп келе жатқан осындай инабатты да іскер ініміздің барына шүкір етеміз. Шынында бұл марапат Ұлыстың ұлы күнінде жетісулықтарға үлкен сыйлық болды. Әлі де алар асуларың көп болғай, бауырым. Өзіңді өңіріміздегі барлық ардагерлердің атынан шын жүректен құттықтаймын!

Ермек Келемсейіт,
облыстық ардагерлер алқасының төрағасы