Кербұлақ ауданында инвестиция тарту 30%-ға артты

Уақыты: 12.09.2024
Оқылды: 271
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында жыл басынан бері 14,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 30%-ға өскен. Бұл туралы бүгін Кербұлақ ауданының халқымен кездесуі кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде белгілі болғандай, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі жағынан ауданның облыстағы үлесі 10,2% құрап отыр. Яғни өткен 7 айда 14,5% өсіммен 18,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Ал ірі инвестициялық жобаларға келсек, ауданда Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы 1,3 трлн. теңге инвестиция тарту арқылы мыс комбинатын салуда.

- Бұл жаңа ірі металлургия комбинатының құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Бұл ірі металлургия комбинаты 2027 жылы іске қосылып, 2230 астам жұмыс орны құрылады, - деді Б.Исабаев.

Облыс әкімі өз сөзінде шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Атап өтсек, ауданда осы секторда 5 500-ге жуық адам еңбек етеді. Бұл ретте бюджетке салық түсімдері 1,7 есеге өсті.

- Президент биылғы Жолдауында инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту бағытында үздіксіз жұмыс істеуді тапсырды. Бұл ретте біз кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Осы жұмыстар аясында биыл аудан бойынша жалпы сомасы 320 млн. теңге болатын 11 жоба мақұлданды, - деп атап өтті облыс басшысы.

Сол сияқты ауданның туризм саласын дамытуға қолайлы аймақ екеніне тоқталып, бұл бағытта қарқынды жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Атап өтсек, биылғы жеті айда облыс экономикасына 51,7 % өсіммен 188,2 млрд. теңге инвестиция тартылды, соның ішінде жеке инвестициялар 136,7 млрд. теңгені құрап отыр.

 

Фотограф: Жеңіс Ысқабай