АЭС: Әуестік емес, мұқтаждық

Уақыты: 19.09.2024
Оқылды: 110
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Салыстырмалы түрде қарағанда Қазақстан шикізат қоры бай, өндірісі күн сайын өркендеп, ғылым мен техника, ғарышты зерттеу тұрғысында көшбасшы мемлекеттер деңгейіне көтерілген ел. Сондықтан күн сайын өркениетті елдерге қарап бойтүзей беруге тиістіміз. Ол үшін басқа ел, өзге жұрт қолға алған жобаларды жүзеге асыруға ұмтылғанымыз жөн. Осы тұрғыдан келгенде елімізде атом электр стансысын салуға қатысты ұзақ жылдық жоспарды жүзеге асыру заман талабына сай таңдау деп қараймын.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында  АЭС салуға қатысты мәселені қоғам талқысына салу үшін жалпыұлттық референдум күнін 6 қазанға белгілеп берді. Бұл демократия қағидаттарына сәйкес, Қазақстан халқы ел өміріндегі осы бір елеулі оқиғадан қалыс қалмай, өз таңдауын жасауы тиіс дегенді білдіреді. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда АЭС салуға қатысты түсіндіру жұмысы қарқын алды. Оның елімізге беретін пайдалы тұсы да, туындауы мүмкін келеңсіз жағдайлар да жұрт арасында талқыланып жатыр. Бұл демократиялық қағидалар тұрғысында орын алатын жағдай. Әрине, ғасырлық жобаның еліміздің баламалы энергияға байланысты көрші елдерге тәуелділікті азайтып, өндіріс, ғылым мен техника, әлеуметтің әлеуетін көтеретін тиімділігі туралы жиі айтылуда. Сонымен қатар, АЭС салудың болашақ қатері туралы да жұрт арасында тарап жүрген пікірлер аз емес. Соның бірі атом энергиясын ұтымды пайдалану және оның қаупі мен қатерін ескермеуден туындаған Чернобыль, Фукусима атом электр энергиясы стансыларындағы апаттарды алға тартады.

Энергетик және Чернобыль атом электр стансысындағы жарылыстан кейін орын алған қауіпті залалсыздандыру жұмысына қатысқан маман, республикалық «Чернобыль ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде өз ойымды білдіре кетуді жөн көрдім. Расында Чернобыль атом электр стансысындағы жарылыс Кеңес одағының тарап кетуіне себеп болды.  Өйткені, атом электр стансысын салуға қаншама қаражат кетсе, оның зардабын жою үшін одан да көп қаржы шығындалды. Бұл үкіметтің қазынасын тақыр таза етті деуге болады. Осындай апатты көріп, естіп өскен жерлестеріміз үшін алдағы уақытта елімізде салынатын АЭС-қа күдікпен қарайтыны анық. Бірақ біз салатын атом электр стансысын Чернобыльдегі атом электр стансысымен салыстыруға келмейді. Ал, Чернобыльдегі апаттың себебін бірнеше жақтан қарастыруға болады. Біріншіден, ол адами фактормен тікелей қатысты. Себебі, Чернобыль атом электр стансысының басшылығына осы саланың ғалымдары тартылды. Сондықтан олар қауіптің бар екенін біле тұра, оның қорқынышты жағдайға әкелетінін назардан шағарып алды. Бұл бізге атом саласын осы саланың ғалымдары емес, осы саладан хабары бар өндірістік біліктілігі жоғары адамдар басқару керектігін түсіндірді. Екіншіден, ол кезде мықты технология, білікті ғалымдар көп болғанымен олардың арасында ауызбіршілік болмады. Чернобыльдегі 4-ші қосалқы стансыда жарылыс болғанда 1, 2, 3-ші қосалқы стансы жұмыс істеп тұрса, 5, 6-шы стансының құрылыс жұмысы жүріп жатқан еді. Ал  4 стансының жарылуына сол кезде қорғаныс мақсатындағы зерттеу жұмысының жүргізілуі себеп болған. Бұл бізге атом энергиясының әскери қорғаныс мақсатындағы зерттеу жұмысы атом электр стансысында емес, атом саласындағы ғылыми зерттеумен айналысатын институттарда жүргізілуі керектігін ұғындырды.

Чернобыль апаты атом электр саласына үлкен серпіліс әкелді. Осы саламен айналысатын елдерге басшылық құрамын реттеу, технологияны жетілдіру, қауіп-қатердің алдын алудың жолдарын жаңаша қарастыруды түсіндірді. Осыдан кейін әлемнің біраз мемлекеті технологиясы Чернобыль атом электр стансысымен ұқсас АЭС-тың жұмысы тоқтатуға мәжбүр болды. Содан бергі 40 жылда әлем ғалымдары атом энергиясы саласындағы терең ізденістерді жинақтап, өндірістік мақсаттағы атом электр стансысын салудың жаңа технологиясын ойлап тапты. Біздің үкімет, ғалымдар да осы тәжірибені қолдануды құптап отыр.

Жұрт арасында атом электр стансысы Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылында салынса, Көкше теңіздің экологиялық жағдайына әсер етеді деген күдік бар. Бірақ Қазақстанда салынатын атом электр стансысы суды көп қажет етпейді. Оның үстіне электр стансысын суытатын суды жер асты  суынан алмақшы. Ол су атом электр стансысын суытқаннан кейін +7 градус шамасында ағып шығып, тазартылып, көлге құяды. Бұл Балқаш көліндегі тіршілікке кері әсерін тигізбейді. Егер біз Балқаш көліне құятын өзендерден су электр стансысын көптеп салатын болсақ көп мөлшердегі су көлге жетпей жерге сіңіп, экологиялық апаттың көбі осы жағдайдан туындайды. Осы тұста Арал теңізінің тартылуының себебін ескергеніміз жөн.

Қазір елімізде өндіріс өркендеп, өнеркәсіп саласы дамып келеді. Осыған орай, электр энергиясына деген сұраныс артуда. Еліміз электр энергиясының басым бөлігін көрші елдерден жоғары бағада сатып алып, тұрғындарға қалтасы көтеретін бағада беріп отыр. Бұл бюджетке үлкен салмақ салуда Электр энергиясына тапшылық еліміздегі көптеген өндіріс, кәсіпорын, зауыт-фабрикалардың салынуына кедергі келтіріп отырғаны анық. Өйткені, оның бәрін жүзеге асыру үшін мол электр қоры керек. Қазір біздің аймақ электр энергиясының көп бөлігін Қырғызстанның «Тоқтағұл» су электр стансысынан сатып алып отыр. «Өз қолыңда болмаса әкеңде жат» дегендей, олар «Электр энергиясы өзімізге керек» деп сатудан бас тартса, күніміз не болмақ. Алдағы 10-15 жылда көрші елдер атом энергиясымен электр өндіре бастағанда біз суға, желге, күнге күніміз қарап отырсақ, мемлекетте ешқандай өрлеу, өркендеу, даму болмайтыны белгілі. Ол әлеуметтің тыныс-тіршілігін де тұралатады.

Дегенмен, бір ғана атом электр энергиясы стансысы еліміздегі электр энергиясына деген тәуелділікті бірден шешіп кетпейді. Тек энергияға тәуелділіктің 8-9 пайызын ғана толықтайды. Бірақ біз осы аралықта атом электр стансысын салудың тәжірибесін жинақтаймыз, ғалымдардың ізденісін жетілдіреміз, мамандар дайындауға мүмкіндік болады. Жұмыс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таппай жүрген талай азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Электрдің тапшылығынан ашылмай тұрған талай зауыт пен кәсіпорынға рұқсат беріледі. Ары қарай осындай маңызды жұмысты қаракөздеріміз өздері атқаратындай жағдайға жетеміз. Сонда ғана шикізатты сатумен емес, оны өндірумен айналысатын елге айналамыз.

Хусайын Мұстафа,
республикалық «Чернобыль ардагерлері» ҚБ төрағасы
Фото: podrobno.uz