Astana LRT-де қанша апат пен жазатайым оқиға болды?

Уақыты: 20.09.2024
Оқылды: 78
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жоба басталғалы бері Astana LRT-де қанша апат пен оқыс оқиға болды?

Астанадағы LRT жобасына 20 жылға таяп қалды. Елордадағы жаңа көлік жүйесі туралы халық сонау 2005 жылы айта бастады, ал құрылыс тікелей 2011 жылы басталды. Tengrinews.kz тілшісі осы уақыт ішінде Astana LRT құрылыс алаңында қанша оқыс оқиға болғанын анықтауды жөн көрді.

Ресми сауалға Астана Полиция департаменті Жедел басқару орталығының аппараттық-бағдарламалық кешенінің ақпараты бойынша 102 арнасына LRT құрылысына қатысты түрлі сипаттағы 70 өтініш түскенін хабарлады. Олардың арасында:

  • жол-көлік оқиғаларының 9 дерегі (кедергіге соқтығысқан – LRT қоршаулары және т.б.);
  • 21 жазатайым оқиға, оның ішінде 3 факт еңбекті қорғау ережелерін бұзу және 2 тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу;
  • сондай-ақ, LRT құрылыс алаңындағы заттардан көліктердің зақымдануының 30 дерегі тіркелді.

Еске салайық, биылдың өзінде Astana LRT-де бірнеше оқиға болды. Атап айтқанда, 9 мамырда құрылыс алаңында автокран опырылып құлаған.

18 шілдеде тұрғындар қауіпсіздік ережелерін бұзу дерегін видеоға түсіріп алған. Жұмысшылар жолдың үстімен құрылыс блогы немесе плитаға ұқсайтын заттарды тасымалдаған, бұл ретте оның астындағы жолда көліктер жүріп жатқаны көрінеді.

28 маусымда Астанада құрылыс алаңында өрт шықты. Компанияның баспасөз қызметі мәліметінше, LRT 117-118 бөлімінде фанера қалыптары өртенген.

Жақында, 9 тамызда жүк тиелген трал LRT құрылымына соғылды. Үш адам жарақат алған.

Фото: liter.kz