МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Уақыты: 20.09.2024
Оқылды: 72
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еліміздің энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда атом электр стансысын салу қарастырылуда. Оның қаншалықты пайдалы, зиянды екенін біле бермесек те, отырған жерде түрлі пікір айтып, естіп, тіпті дауласып жататын кез де болады.

Ал мәселенің анық-қанығына жету үшін атом стансысының жұмысын өз көзіңмен көріп, мамандардың айтқанын тыңдап барып сөйлеген абзал. Осыған байланысты Жетісу облыстық, аудандық мәслихаттарының депутаттары Алматы қаласының жанында орналасқан қуаты 6 МВт ядролық зерттеу реакторы бар «Ядролық физика институтына» барып қайттық. Аталған нысан электр энергиясын өнідрмейді. Бұл атом саласындағы кадрларды даярлайтын елімізде баламасы жоқ жалғыз институт. Осы жерде бізге атом электр стансысының жұмыс істеу негіздерімен таныстық, қалдықтардың қалай сақталатынына көз жеткіздік. Жапондық «Фукусима», Украинаның «Чернобыль» АЭС-інде болып, оның жұмысын өз көзімен көріп, зерттеген маманның лекциясын тыңдадық, себептерін білдік, қордаланған сұрақтарымызға да жауап алдық.

Бір ақпарат айта кетсем, жоғарыда айтылған екі стансы бір контурлі, бір тізбекті жүйелермен жұмыс істепті. Ал кейінгі салынған стансылар екі тізбекті схемамен жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда заманауи реакторлар. Бүгінде бұндай АЭС-тің 56-сы Жапонияда, 30-ға жуығы Оңтүстік Кореяда бар.

Жалпы электр энергиясын пайдалану жағына көңіл аударсақ. Қазір тұрмыста тоқсыз күніміз жоқ. Жарық бір күн сөніп қалса аш қалып, киіміміз жуылмай, үйімізді шаң басып, байланыстан айрылып, тұрған жеріміздің қараң қалатыны белгілі. Мамандардың айтуынша жылдан-жылға электр жарығы тапшылығы арта түсуде. Қаншама энергияны Ресейден қымбатқа сатып алып жатырмыз. Атом электр стансысын өзімізде салсақ, осындай олқылықтың орны толмай ма? АЭС-тің қоршаған ортаға зияны жоқ екенін дамыған елдер дәлелдеп беріп отыр.

Қалай десек те, референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасап, маңызды мәселеге бейжай қарамағанымыз жөн.

Гүлназ Мұстафа,
журналист, 
«Respyblika» партиясының мүшесі
Фото: t
engrinews.kz