БАЛАЛАР ТАРТУЫ

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 1220
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында  Наурыз мерекесі тойланды.  Мерекелік шарада қазақтың әні шырқалып, орыс пен татардың биі биленді. Мүмкіндігі шектеулі балалар бірінен-бірі өткен өнерлі болып шықты. 

 

   Ата-аналар атынан орталық қызметкерлеріне Дәулетхан Бесбаева алғыс айтты.  Ол балаларды бағып-қағып, өсіріп  жатқан мекеме ұжымына өзінің ақжарма тілегін арнап: «Қашан келсең ғимарат іші құстың ұясындай жып-жылы, тәрбиешілер балаларды бар ынта-ықыласымен қарайды. Тіпті өнерге де бейімдеуде. Алла қолдап, балақайлар сырқатынан сауығып кетіп, сіздерді де, біздерді де қуантса екен», – деді. Кішкентай Құндыздың әкесі де мекеме ұжымына алғысын айтып, Наурыз мейрамының жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанына ризашылығын жеткізді. 
   Орталық меңгерушісі Меруерт Жиенбекова мерекеден соң қорытынды сөз сөйледі.  «Құрметті ата-аналар,  балаларыңыздың өнерін тамашаладыңыздар. Біз үшін барлығы қадірлі, сүйкімді.  Балаларымыз сырқаттанбаса, бір-бірімен ойнап, күліп жүрсе қуанамыз. Өнер көрсетсе тіпті шаттанамыз. Үйдегі балалардан гөрі осы жердегі бүлдіршіндерді көп ойлаймыз. Балаларыңыздың үйде болғанынан гөрі осында жүргені жөн. Себебі, олар өзі құралпас балалармен бірге жүргісі келеді. Өзара тіл табысады, алданады.  Үйде отырса ашуланшақ болып кетеді. Мұнда тәрбиешілер ойнатады,  бейімдеу сабақтарын өткізеді, уақытында тамақтандырады. Сондықтан балаларыңыз үшін алаңдамаңыздар», –деді Меруерт Махметқызы. 
   Шынында мұнда балаларды өзінше жүріп-тұруға үйрететін арнайы сабақтар өтеді. Арнайы жабдықталған бөлмелер бар. Массаж, дефектолог кабинеті, тренажер залы жұмыс істейді.  Үш дәрігер, он шақты медбике күн-түні балалардың қасында. Тәрбиеші Галина Кабиева осы жерде көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол әр балаға туғанындай мейіріммен қарайды. Сондықтан тәрбиеленушілер де  оның қасынан айналшықтап шықпайтын көрінеді. Бұл жөнінде Галина Павловна: – Бала  өзін кім жақсы көретінін біледі. Бауырыңа тартсаң, қасыңнан шықпайды. Айтқаныңды да орындайды.  Біз бір-бірімізді сағынып тұрамыз.  Тіпті қарамағымдағы балалар  дұрыс тамақ ішпей қалса да уайымдаймыз. Кішкене жетістігі болса, ата-анасынан бірінші қуанамын. Бүгін Наурыз мерекесінде ұл-қыздарымыздың өнерін тамашалап, төбеміз көкке жетті, – дейді ол ағынан жарылып.  Қайырым мен мейірімге сусындаған балақайлардың тыныс-тіршілігін көріп қуандық.  Мекемеде шат-шадыман күн көп болсын деп тарқастық.

Гүлжан ТҰРСЫН.