ЖАҚСЫДАН ІЗ ҚАЛАР

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 1910
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Өмірдарияның толқындары сырғып аққан сайын күні кеше ғана жаныңда жүрген адамдардың дүниеден мәңгі сапар шегіп, қатарының сиреуі – табиғи заңдылық дерсіз. Олардың арасында өзі өмірден өткенмен  тірлікте істеген жақсы істері өшпейтін асыл жандар баршылық. Солардың бірі – өмір бойы қайнаған тірліктің ортасында жүріп, талмай іздену мен адал еңбектің арқасында ел есінде қалған жайсаң жан Серікбек Жамали.

 

   Кеше ғана көз алдымызда жарқылдап жүрген үлкенге ілтипатты іні, кішіге арқасүйер аға, отбасының тірегі, шаңырағының иесі болған, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылының тумасы Серікбек Ғалымжанұлы сексеннің сеңгіріне шыққан шағында дүниеден озды. Бір жыл бұрын өмірлік қосағы, бір шаңырақта 55 жыл тату-тәтті тұрған жары Алла Васильевна қайтыс болғанда нар кеуденің еңкейгенін, кемсеңдеген иекті көріп, жандүниеміз жабырқаған-ды. Жұптары жазылмайтын асыл жандар аз уақытта бірінен соң бірі кете барды.
   Жастайынан ұлттық тәрбиенің тұнығынан сусындап өскен Серікбек мектепте де әдепті, озат оқушы болды. 1955 жылы мектепті бітіргенде ата-анасы агроном немесе ауылшаруашылығы мамандығын меңгереді деп топшылағанымен, өз қалауын жүзеге асыруды көздеген бозбала  сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаты, теміржол саласының инженері Мұхтар Қаптағаевқа еліктеп, өз бағытын анықтап қойған-ды. Ташкентте білім алып, шыңдалу кезеңдерін басынан кешіріп жүрген тұста  қалалық комсомол комитетінің бұйрығымен Ресей ГЭС-іне еріктілерді жинап жатқанын естіп, бірден жазылады. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолы, қарапайым теміржолшы қызметі көршілес елде басталды. Өз жұмысын жете меңгеруінің, халықпен түсінісе еңбек етуінің арқасында ол тек жақсы қырынан ғана танылады. Мұнда жүріп біршама тәжірибе жинақтайды. Көп ұзамай, Қазақстанға оралуды жөн санаған Серікбек Ғалымжанұлы Қостанай облысының Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай тау-кен комбинатына орналасады. Бастапқы кезден өмірден алған сабағы мен тәжірибесі туған елінің еңбегі мен тұрмысын терең зерделеуіне көмегін тигізді. Алға қойған міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін ол маңайындағы қолынан іс келетін азаматтарға ұқсауға тырысты. Халықпен қоян-қолтық түсінісіп жұмыс істейтін, жұртқа көмек көрсетуді өзіне парыз санайтын азаматты мекеме басшылығы жоғары білім алуға жетелеп, алдымен Жамбылдағы Түріксіб теміржолшылар мектебіне, кейін Гидромелеоратив институтына оқуға жібереді. Арасында 1960 жылы Байқоңырда Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтейді. Серікбек Ғалымжанұлы жұмыс пен білімді қатар ала жүріп, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтайды. Еңбектің биігіне біліктілігімен, орнықты ойымен, жинаған беделімен жеткен жігіт  болашағын өзі жасауына жол ашады. Бұл құлшыныс еңсесін көтеріп, ертеңге деген сенімін арттырды. Қазақта: «Азаматтың құдай қосқан жары – жарты  бақыты», – деген қанатты сөз бар. Ол осы өңірден болашақ жары Алла Васильевнаны кездестіріп, шаңырақ көтереді. Жарының өзіне деген адал пейілі, ақыл-парасаты, ел ісіне енді араласуына, тізгінін ұстаған азамат болып қалыптасуына оң әсерін тигізгені сөзсіз. Ел қамы үшін аянуды білмейтін азаматтың жан-жары оның шаршағанда тірегі бола білді, бауыр еті – балаларын тәрбиелеп, үйде де, түзде де жағдайын жасап отырды. Нағыз ынтымақ пен бірліктің белгісіндей болған жас шаңырақ сол кездегі өз замандастарына үлгі-өнеге болды. 
   Ананың сүті, атаның қанымен бойына сіңген еңбекқорлық, адалдық сынды қасиеттерінің арқасында қызметте абыройлы болды. Жамбыл қалалық партия комитетінде жұмысын бастаған білікті маман көп ұзамай «Жамбылқұрылыс» тресінің партия комитетіне хатшылық қызметке шақырылады. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей, оның қызметі өскен сайын жүктелген жауапкершілігі де арта түсті. Іскерлік пен тәжірибенің арқасында  әріптестерімен сабақтастық орнайды. Тамаша ортада, талапшыл басшылық пен тәжірибелі мамандар шоғырланған трест үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Халқына адал қызмет етіп, ел- жұрттың пейілін бағалай білген Серікбек Жамали араға бес жыл салып, «Құрылыс» тресіне басшылыққа тағайындалады. 
    1977 жылдың қазан айында Серікбек Ғалымжанұлы  Талдықорған қаласындағы «Құрылыс шаруашылығы» тресіне бас инженер болып келеді. Бұл жерде бес жыл қызмет еткен соң «Колхоз құрылыс» тресіне басшылық қызметке ауысады. Сол жылдары тек қана Талдықорған қаласы емес, Алматы облысы бойынша жаңадан бой көтерген мектеп, балабақша, мекеме ғимараттары мен тұрғын үйлердің құрылысын салуға белсенді атсалысады. Болмысынан кеуде көтеруді, менмендікті білмейтін қарапайым жан маңайына сәулесін молынан түсіріп, жұмысшылардың да қамын көп ойлайтын білгір басшы еді. Ұжымы тоқсан сайын жоғары көрсеткіштермен алдыңғы шепті бермей жүрсе де, өз қалпынан тануды білмейтін басшы, көмекке жүгінген жанды кейін итермейтін, қайта өзіне тартып тұратын қасиетімен дараланатын.
   Серікбек Жамали – өте ұстамды, сабырлы, іскер, білгір, кішіпейіл жан болды. Ол асып сөйлемейтін, сыр сандығын да шаша бермейтін. Істің байыбына бармай шешім қабылдамайтын, мінезге бай адам еді. Халқына өмірінің соңына дейін адал қызмет етіп, елінің ынтымағын, берекесін тілеп өтті. Соңғы жылдары зейнет жасында жүргендігіне қарамай, өмір ағымынан қалмау мақсатында компьютермен жұмыс жасауды меңгеру үшін қосымша курс оқыды. Интернеттен күнделікті ел жаңалықтарын оқып тұратын жайсаң жан үнемі қоғамдағы тыныс-тіршілікті қадағалауды дағдыға айналдырған еді. Бүгінде сол жаңашылдыққа ұмтылғыш, болашаққа сеніммен қарайтын, ел қамын ойлайтын қалпында замандастарының ойында қалды. Облыс көлемінде шығатын газет-журналдардың бір санын да қалт жібермей, тұрақты редакцияға өзі келіп алып тұратын. Әсіресе, облыстың айнасы деп жоғары бағалайтын «Жетісу» газетін сүйіп оқитын.
    Серікбек Ғалымжанұлы бір ұл, екі қыздың әкесі, екі немере, екі шөберенің сүйікті атасы болды. Алла Васильевна екеуі балаларының ел қатарлы еңбек етіп,  тұлға болып қалыптасуына еңбек сіңіріп, жоғары білім алуларына мүмкіндік жасады.
    Өмірден озып кетсе де артында қалған елі-жұрты өнегелі жанның ағалық бейнесі мен үлгісін, жыл өткен сайын жаңғыртып, еске алып, ұлағат тұтып келеді. Сірә, ел ардақтылары деп осындай тұлғаларды айтса керек.

Сәуле ЖАМАЛИ.