ЕЛ РУХЫН КӨТЕРДІ

Уақыты: 11.05.2018
Оқылды: 1686
Бөлім: КҮНДЕРЕК

    Сұңғыла қолбасшы, ержүрек батыр Бауыржан Момышұлы: «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін! Отан үшін отқа түс, күймейсің», – деп ұрпағына ұлағат айтып кеткен. Бүгінгі күні батыр бабамыздың осы бір терең мағыналы сөзін көкейге түйіп жүрміз бе?

 
   Ұлы Жеңіске жетпіс үш жыл толса да, соғыс даласында толарсағынан қан кешкен ардагерлеріміздің санасында ысқырған оқ пен жойқын жарылыстардың дауысы мәңгілік өшпек емес. Осы күндері теледидардан көретініміз – газеттен оқитынымыз, кеудесін оққа төсеп, ел мен жері үшін көзсіз ерлік жасаған майдангерлер мен Жеңіс үшін тынымсыз тірлік еткен тыл еңбеккерлерінің естеліктері, сұрапыл соғыстың сырларын көрсетіп, жауынгерлердің ерлігін ұлықтайтын кинофильмдер. Иә, біз соғысты тек тарих беттерінен оқып, кинодан ғана көре аламыз. Сол үшін де шүкір дейміз. Ал соғыстың ащы естеліктерін әңгімелеп отырған ардагерлеріміздің сезімі мүлдем бөлек. Жастайынан қос қолға қару алып, майданға аттанған, жеңісті жақындату үшін жан аямай шайқасқан олар бүгінгі күннің қадірін біліп, болашаққа үлкен сеніммен қарайды. 
   Олар байтақ далада еркін тыныстап, жас ғұмырын бақытты өткізу керек еді. Амал нешік?! Ұрпақ болашағы үшін жан аямай күресіп, Отан алдындағы борышын ақтап, қанды қырғын соғысты тұншықтырып, келешек ұрпаққа қазіргі жарқын күнді аманаттады. Олар салған  сара жол өскелең ұрпақ үшін даңғыл бағыт болды. Егер де аталарымыз соғысқа қатысып, жерін қорғамаса, біз қазір осындай байтақ жердің тал-шыбығы болып жайқалмас едік. Сондықтан да олардың ар-ожданынан, қадір-қасиетінен нәр алған біз қашанда бойымызды тік ұстап, елімізге адал қызмет етуіміз керек. Жақында тоқсаннан асқан соғыс ардагерінің сұхбатын тыңдап отырып, мынандай бір даналық сөзін естіп қалдым: «Бейбіт заманның рахатын көрейік деп жүр қазіргі жастар. Ал менің жас ұрпаққа айтпағым: өткенді бағалаңдар! Себебі, бар ғибрат өткенде жатыр. Тарихты білсеңдер, бүгіннің де, болашақтың да бағасын білгендерің».  
   Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде екі мыңнан астам ардагер бар. Әрқайсысының өмірлік жолы, кешкен тағдыры әртүрлі болса да бойларындағы қайсар мінез, жүректеріндегі отаншылдық рух ортақ. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп жатыр. Алайда, еліміздің берік қорғаны болған арыстарымыз – батыр бабаларымыз елі, жері, ұрпағы барда мәңгілік жасай бермек. Келешек ұрпақ олардың көзін көрмесе де  артында қалған ұлағатты сөзін, үлгі-өнегеге толы игі ісін білетін болады. 
   Ғабит Мүсіреповтің: «Өткенді білмей, келешекті білу мүмкін емес. Өткеннің парқын білген, бүгіннің нарқын ұғады», –  деген ұлағатты сөзі бар. Бүгінгі күні ұлтына деген мақтаныш сезімді, ел болашағына деген берік сенімді жоғалтып жүргендер бар. Бұл – бабаларымыздың ерен еңбегін сыйламаумен пара-пар. Расында да, өткенімізді бағалап, бабалар аманатына қиянат жасамай, тектілік таныту – біздің бұлжытпас борышымыз. Кеше ғана Жамбыл облысының Отар әскери полигонында жауынгерлік парад өтті. Одан ұққанымыз – жыл өткен сайын әскери қуатымыздың артып, Қарулы Күштеріміздің қарымы жоғарылап жатқаны. Ал қайсар мінезі, болаттай білегі бар жауынгерлеріміздің «Мен қазақпын» әнін орындауы патриоттық рухымыздың көрінісіндей болды. Азат еліміздің перзенттері осындай игі істерден тәлім алып, елдің нұрлы болашағына сеніммен қарайтын болса, егемен еліміз мәңгілік жасай бермек. 
    Осы тұста Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Бейбіт күн тілегі» атты әніндегі «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген» жолдар еске түседі. Иә, сұрапыл соғыс көріністері тек қана тарих беттерінде қалып, бүкіл әлемде бейбітшілік орнасын. Сайын даламыздың төрінде салтанатпен ғұмыр кешіп жатқан біздің еліміздің де аспаны ашық, болашағы жарқын болғай! 
 
Жамилә Бахтиярқызы, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің
1-курс студенті