Құырылыс жұмыстары басты назарда

Уақыты: 05.06.2018
Оқылды: 1267
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ құрылыс саласына жауапты мекеме басшылары мен лауазымды тұлғалар және мамандармен кездесті. Басқосуда аталған салада атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, оң шешімін табуы тиіс мәселелер қозғалды. 

Жиын барысында алдымен білім беру нысандарын салу және оларды уақытылы пайдалануға беру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар назарға алынды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын орындау үшін денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылығы мен ауылшаруашылығы, ішкі істер органдары, тағы басқа салалар бойынша құрылысы жүріп жатқан нысандарды мерзімінен кешіктірмей қолданысқа өткізу мәселелеріне де ден қойылды. 2020 жылға арналған құрылыс нысандарын жобалау және олардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуде бүгінде қандай тірліктердің атқарылып жатқаны да осы жиында айтылды. 
Осыған байланысты: «Жыл өткен сайын құрылыс нысандарының саны көбейіп келеді. Бүгінгі таңда қомақты қаражатқа 515 нысан салынуда. Оның 477- сін өткізуге тиіспіз. Жасырытыны жоқ, кей жағдайда құрылыс жұмыстарын жүргізуде сапа жағына көп мән беріле бермейді немесе белгіленген мерзімінен кешіктіріледі. Сондықтан, құрылысқа тапсырыс берушілер мен жұмысты жүргізетіндер және салаға жауапты мамандар, әкімдер, осы мәселеге ерекше назар аударғандарыңыз жөн. Себебі, ертең бұл жұмыстардың сұрауы болады, – деді Лаззат Махатұлы.   
Жиында белгілі болғандай, биыл білім саласы бойынша салынуы және қайта жаңғыртылуы тиіс 22 нысан бар. Оның 12-сі, соның ішінде 9 мектеп өткізіледі. Бірінші қыркүйекке дейін 7-уін белгіленген уақыттан кешіктірмей қолданысқа өткізу қажет. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысын іске асыру жұмыстары да кезек күттірмейтін мәселе. Биыл 704,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Соның ішінде коммерциялық, жеке және бюджет есебінен тұрғызылатын баспаналар бар. 
Осыған байланысты жиында лауазымды тұлғалар мен мамандар тарапынан мазмұнды ой-пікірлер айтылды. Әсіресе, құрылысы баяу жүріп жатқан нысандарға назар аударылып, оның себеп-салдары сұралды. Мамандар бұл мәселеге нақты жауап қайтарып, мәселенің мәнісін түсіндірді.    
Сонымен бірге құрылыс жұмыстарын жүргізуде заңсыздықтарға жол бермеу және оны бақылауда ұстау, сапаға мән беру, абаттандыруға көңіл бөлу, тұрғын үйлердің инженерлік желілері мен айналасын көріктендіру, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізушілерге заң талаптарын сақтай отырып жер телімдерін бөлу, бос және игерілмей жатқан жерлерді болдырмау, инвесторлармен жұмысты күшейту, несиелік, жалгерлік баспаналар тұрғызуға күш салу және инфрақұрылым мәселесіне назар аудару сынды мәселелерге көңіл бөлінді. Денсаулық сақтау саласы бойынша бой көтеріп жатқан мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, құрылысқа қажет бұйымдарды сонау шетелден емес, жергілікті кәсіпорындардан сатып алуға ден қою керектігі де сөз болды. Осыған байланысты Лаззат Махатұлы сала қызметкерлеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Айгүл Байбосынова