Мақтаныш отын маздатты

Уақыты: 05.06.2018
Оқылды: 1504
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында «Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым!» атты тақырыппен салтанатты жиын өтті. Мереке автошеру, флешмоб, әдеби-сазды қойылым секілді түрлі шараларға ұштасты.

Орталық алаңда үстеріне түрлі түсті киім киіп, қолдарына жалауша ұстаған жастар жағалай сап түзеп тұрды. Олар Абай, Т. Рысқұлов, Ш. Уәлиханов, Наурызбай батыр, С. Бердіқұлов, А. Қарсақбаев атындағы орта мектептерінің белсенді оқушылары. Ортаға Мемлекеттік Ту енгізіліп, Гимн орындалды. Көпшілікті аудан әкімі Бағдат Әлиев құттықтап, елдіктің басты белгісі болып табылатын Мемлекеттік рәміздердің мән-маңызына тереңдей тоқталды. Ол өз сөзінде ұлтымыздың ерте заманнан бері ту көтерген байрақты ел екенін, жыр сүлейі Сүйінбай ақынның «Бөрілі байрақ астында, Бөгеліп көрген жан емен. Бөрідей жортып кеткенде, Бөлініп қалған жан емен» деген жыр жолдарын оқып, ата-бабаларымыздың атамекенін қызғыштай қорғағанын еске салды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында жерлесіміз Дадаш Бабажановтың полк туын алапат шайқастан аман алып шыққаны үшін оған батыр атағы берілуі де Тудың қаншалықты құнды екенін білдіретінін жеткізді. Рәмізге деген құрмет отансүйгіштік сезімнің қайнар көзі екенін баса айтты. 
Одан кейін Көк туды желбіретіп сүттей ақ түсті 24 қызметтік көлік орталық көшемен жүріп өтті. Бұлар ауылдық округтің әкімдері мен жастар ісі жөніндегі нұсқаушылары еді. Қараш батыр, Абай, Қарасай батыр көшелерін бір айналып шыққан байрақты автошеру жұртшылық назарын өзіне аударып, ел рәміздерінің мәртебесін осылайша және бір асқақтатты. Алаңдағы мереке одан әрі әдеби-сазды қойылыммен жалғасып, бір топ ұл-қыз рәміздер туралы жалындаған жыр оқыды. Ендігі бір кезекте көрермен қауым аудан жастарының ресурстық орталығы дайындаған «Рәміздер біздің мақтанышымыз!» атты флешмобты тамашалады. Мерекеде Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік нышандары тарихынан деректер айтылды. Аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері елдіктің белгісі, туған жер тақырыбындағы патриоттық әндер шырқады. Ұзынағаш аспанында жігерді жанитын жыр қалықтап, «Қазақ болып тумағанда нетер ем? Қалай басқа байрақтарды көтерем? Жеті бірдей қазынамнан айырылып, Жеті атамды жаттай алмай кетер ем» деген ән жолдары өмірге қазақ болып келгені үшін кеуделерге мақтаныш отын маздатып жатты.
 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы