Көк тудың желбірегені

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 2278
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Талдықорған қаласының орталық көшесімен Мемлекеттік Ту желбіреген көліктер жүріп өтті. Автошеруді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалы ұйымдастырды.

Он бестен астам көлік «Қаратал» шағынауданында орналасқан Қабанбай батыр ескерткішінен бастап, «Жастар» саябағындағы Ту алаңына дейін жүріп, тұрғындардың назарын бірден өзіне аударды. Автокөліктер легін тұрғындар ұялы телефондарына түсірсе, көлік мінгендер белгі беріп, шат-шадыман күйге енді. 
– Патриоттық акция арқылы біз жетісулықтарды мерейлі мерекемен құттықтағымыз келді. Өйткені ҚР Мемлекеттік рәміздер күні халқымыз үшін үлкен маңызға ие, – деді жастарға қызмет көрсету орталығының жастарға мәдени, патриоттық тәрбие беру және олардың бос уақытын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Рүстем Қалиев.
Автошеру «Жастар» саябағында орналасқан Ту алаңындағы салтанатты жиынмен жалғасты. Онда «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері Мемлекеттік Гимн орындап, рәміздерге арналған жырдан шашу шашты. Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

Өз тілшіміз