Жол құрылысы басталады

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 938
Бөлім: КҮНДЕРЕК
Маусымның 10-жұлдызында көптен күткен Талдықорған – Өскемен бағытындағы күрежолдың құрылысы басталады. Бұл облыс тұрғындары көптен күткен, өңір экономикасына оң серпін беретін қуатты жоба. Сол себепті, бұл бағыттағы әрбір жұмыс мінсіз де тиянақты болуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Айдарбек БАЙЖАНОВ Талдықорған – Өскемен бағытындағы күрежолдың құрылысына қатысушы мердігер мекемелер басшыларын қабылдау барысында айтты. 
Шарада әуелі құрылысшы топтың алдағы уақытта атқаруы тиіс жұмыс жоспары талқыланды. Осыған орай Айдарбек Естебекұлы аталған жобаның қалай жүзеге асатынын сұрап білді. Жоспар бойынша облыс аумағы арқылы өтетін, республикалық маңызы бар тасжолдың құрылысы бес кезең бойынша жүргізіледі. 
Алғашқы кезеңде  Талдықорған – Қызылағаш аралығындағы жол бөлігі жасалмақ. Кейін Сарқан, Көлбай, Үшарал – Өскемен бағыттары рет-ретімен салына бастайды. Жобаға жауапты мердігер мекемелердің айтуынша, жол құрылысы үш жыл ішінде аяқталады.
Жиында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ құрылыс дирекциясы облыс бойынша филиалының директоры Серік Керімқұлов сөз алып,  бұл жобаның аймақ үшін маңыздылығын атап өтті. Себебі, жолаушының жол азабынан құтылатынын атамағанда, осы бағыт аясындағы жұмыс нәтижесінде жергілікті тұрғындардан көптеген адам жұмысқа тартылмақ. Ол үшін жұмыс іздеуші аудан әкімдіктеріне өз өтінішін түсірсе жеткілікті. Қазір аталған бағыттағы жолдың аса бүлінген тұстары анықталып, сол жерлерге айналма жол салу мәселесі қарастырылуда. 
Осы ретте өңір басшысының орынбасары жол мәселесінде салғырттыққа жол берілмейтінін, жобаның сапалы әрі тыңғылықты орындалуы үшін барлық жағдай жасалатынын айта келіп, жиынға қатысушы мердігер компания өкілдеріне жүйелі жұмыс істеудің қажеттігін жеткізді.
Қ. ӘБДІҒАПАР