ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНДАМЫЗ

Уақыты: 10.06.2018
Оқылды: 1058
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Елбасы Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығы ерекше. Жолдауда Президент, ең бастысы, цифрлық технологиялардың дамуы, технологизация, жалпы төртінші өнеркәсіптік революцияның шеңберіндегі мемлекеттің дамуының айқын бағыттарын дәл анықтаған. 

 

   Тиімді мемлекеттік басқару саласына назар аударғым келеді. Себебі оның нәтижесінде мемлекеттік басқарудың сапасын арттыру көзделген. Яғни, мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды және бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды, сонымен қатар, «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажеттілігі көрсетілген.
   Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2017 жылғы 27 ақпандағы  №49-VІ ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы»  Заңына бірқатар өзгерістер енгізілген. Атап айтсақ, заңды тұлғаны «Электрондық үкімет»,  веб-порталы арқылы мемлекеттік тіркеу кезінде, банктік шот ашуға арналған және жұмыскерді жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыруға өтініш электрондық нысанда тіркеу кезінде берілуі. Бұл өзгеріс шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны «Электрондық үкімет»  порталы арқылы мемлекеттік тіркеу кезінде-ақ банк шотын ашуға және де жұмыскерлерді жазатайым оқиғадан сақтандыру шартын жасауға мүмкіндік береді.
   Заңның 6-1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары өз атынан электрондық цифрлық қол- таңба  алу арқылы  «Электрондық үкімет», «egov» порталында 1 сағаттың ішінде заңды тұлғаны ашу мүмкіндігі жасалынған. Сонымен қатар, «Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер туралы» (Салық кодексі)  83-бабы толықтырылған. Қосылған құн салығы бойынша міндетті есепке тұру заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу кезінде мүмкіндігі жасалған. Бұдан бөлек, цифрлық теxнологиялар биліктің ашықтығын, яғни қабылданып жатқан шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұның барлығы мемлекеттік басқарудың біртіндеп цифрлық теxнологияларға ауысып жатқанын көрсетеді. Цифрлық теxнологияларды енгізу саласындағы шаралар ары қарай жалғаса береді. Ендігі кезекте аймақтарда ақпараттық теxнологияларды кеңінен дамыту қажет. Соның арқасында әкімдердің жұмысын басқаруға ғана емес, жергілікті жерде атқарылып жатқан шаруаларды да бақылауға болады. Президенттің негізгі түйіні сол, қазіргі кезде кез келген саланы цифрлық теxнологиялардың негізінде дамыту қажет. Соның арқасында жұмыстың сапасы артады. Бүгінде қазақ халқы Мемлекет басшысының Жолдауын қызыға оқып, бірлесе талдау үстінде. Елбасы Н. Назарбаевтың алдымызға қойған 10 міндет жүйелі түрде орындалады. 

Дархан БЕКЕТОВ,
облыстық әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы,  РҚБ Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі