КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 10.06.2018
Оқылды: 1998
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Елбасымыз Н. Назарбаев «ХХІ ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін», – деп атап көрсеткен еді. Сол айтылғанындай, тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі мен тілеуі, болашағы – білімді де білікті, жігерлі, бастамашыл жастардың қолында. Олардың жүйрік уақытпен бірге өсуі үшін қолдан келгенше жағдай жасаған абзал. Сол үшін де «Нұр Отан» партиясының ел ертеңін, жастар болашағын ойлаған жобаларының аясында Кеген ауданындағы С. Серкебаев атындағы орта мектепте коворкинг орталығы мен ІТ сыныбы  ашылды. 

 

   Оның ашылу құрметіне  Кеген ауданының әкімі Т. Байеділов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ. Сарыбаев, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы А. Башбаев, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы  Ә. Әрін, «Кәсіпкер» журналының директоры   Г. Сүлейменова ортақтасты. Оның ашылуында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев: «Кеген ауданы жастарының өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып, интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін дамытуы үшін осынау коворкинг орталығы ашылып отыр. Бұл орталық арқылы жастар мен жастар ұйымдарының бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобалары жүзеге асырылады. Ал  ІТ  сыныбының ашылуы бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік», – деп атап айтты. Жақсылыққа ортақтасқан көпшілік өскелең ұрпақ, жасампаз жастарға арналған берері көп орталыққа құтты болсын айтып, ізгі ниеттерін білдірді.
   Облыс орталығынан келген мәртебелі қонақтар бұдан кейін Кеген аудандық Мәдениет үйіндегі «Рухани жаңғыру – табысты болудың кепілі» атты жиынға қатысты. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев Елбасымыздың сындарлы саясаты туралы әңгімеледі. Латын әліпбиіне көшудің кезек күттірмейтін міндеттерін, алдағы жоспарларын алға тартты. Облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре  Әрін: «Елбасымыз Н. Назарбаевтың аталған мақаласындағы толғанысын тамызықтай отырып туған тіліміз, діліміз, тарихымыз, «Мәңгілік Ел» идеясы туралы кеңінен ой қозғады. Әлемде мылтықсыз майдан  жүріп жатыр. Сырттан көз алартушылар көп. Ой-санамызға үлкен өзгеріс керек. Сонда ғана ұлтымызды сақтай аламыз. Рухани жаңғыруға жүректің тазалығы керек, шынайы жүрекпен ел мен жер үшін жұмыс істеу қажет», – деді. Ә. Әрін өзінің бұрынғы тарихи атауымен құрылған Кеген ауданының жұртшылығын құттықтап, аудан әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.
Жиынды қорытындылаған Кеген ауданының  әкімі Талғат Байеділов алыстан ат арылтып келген мәртебелі қонақтарға аудан халқының атынан алғысын айтты.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы