МУЗЕЙЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ҚҰРЫЛДЫ

Уақыты: 14.06.2018
Оқылды: 1605
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жуырда Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығының тұсаукесері өтті. Құрылтайға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры  Жоламанов, ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Л. Кочетов және тұлғалық музейлердің басшылары қатысты. Бұл басқосуға Алматы облысынан М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің өкілі әрі аталған музейге қарасты, бүгінде тұлғалық музейлер қауымдастығының мүшелігіне кірген Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі ретінде қатысып қайттым.

Қауымдастық қатарына кіруге республика бойынша 48 тұлғалық музей өтініш білдірсе, Алматы облысы бойынша М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің тоғыз тұлғаға арнап ашылған тоғыз филиалы, атап айтсақ: ақын Сара, Сүйінбай Аронұлы, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Ілияс Жансүгіров, Мұқан Төлебаев, Мұқағали Мақатаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрмолда Алдабергенов  музейлері  енді. 
Тәжірибе алмасу, музейлер қызметін жүзеге асырудың жаңа әдіс-тәсілдері бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құруды мақсат еткен қауымдастықтың Құрылтай жиналысында оның Жарғысы бекітіліп,  Қауымдастықтың  төрағалығына Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков, ал орынбасары болып  Шынар Садықова сайланды.
Кездесу барысында тұлғалық музейлерден алынған ақпараттар негізінде шығарылған ««Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі» атты ақпараттық  кітапша құрылтай қатысушыларына таратылып берілді. 
Абай қорық-музейінің ұсынуымен тұлғалық музейлер басшылығында ұзақ жылдар жұмыс жасаған тоғыз адам ҚР Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Оның ішінде Алматы облыстық М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаева Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатымен марапатталып, музей басшылары мен жетекшілеріне министрлік тарапынан  арнайы сертификаттар тапсырылды.
Іс-шара алғаш рет үш тілде жарық көрген «Қазақстан музейлері» атты анықтаманың салтанатты тұсаукесер рәсімімен  жалғасын тапты. Шараны департамент директоры Әбіл Жоламанов құттықтау сөзімен ашты. «Қазақстан музейлері» анықтамалығы еліміздің барлық мәдени мекемесі мен ұйымдары және жеке тұлғаларға арналған құнды еңбек. Бұл анықтамадан еліміздегі музейлер туралы толық ақпарат алуға болады.
Осы орайда анықтаманы әзірлеуге қосқан зор үлесі үшін Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев министр А. Мұхамедиұлының Алғыс хатымен марапатталды.
Болашақта Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығы өзара ынтымақтаса, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, музейлер жұмысын жаңғыртып, ұлттық рух, тарихи сананың қалыптасуына ықпал ететініне сенеміз.

Нұргүл Жауынбаева, 
Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі