Жаңашылдыққа баулыды

Уақыты: 14.06.2018
Оқылды: 966
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Жаңартылған бағдарлама бойынша өз білімін жетілдіру – әрбір бастауыш сынып мұғалімінің алға қойған мақсаты. 
Талдықорған қаласының педагогикалық шеберлік орталығында өткен 15 күндік курстың ең алғашқы тәулігін бағдарламамен танысудан бастадық. Күнделікті мұғалімге арналған нұсқаулықты басшылыққа ала отырып, әр пәнге арналған оқу бағдарламаларына жеке, жұппен және топ ішінде талдау жасап, ортақ ой шығарып, тәжірибе алмастық. Критериалды бағалау ұғымы біз үшін түсініксіз болған еді. Осы курс аясында бұл жүйені де терең түсінуге мүмкіндік алдық. Курста жаңартылған оқу бағдарламасы, оқу жоспарлары, тілдік дағдылар, педагогикалық әдіс-тәсілдер және белсенді оқыту технологияларымен ықшам сабақтар қорғадық.
Негізінен жаңартылған білім жүйесі – құзіреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Әрине, жаңашылдық қиындықсыз болмайды. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп деп білеміз. Бізге осы бағдарламаны терең меңгерткен Талдықорған қаласының педагогикалық шеберлік орталығының тренері Салтанат Шаяхметқызы Мұхамеджановаға алғысымыз шексіз. 
Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер көбейе берсін демекпіз.

Айжан Кадыр,
Абылайхан атындағы № 4 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Есік қаласы